Шымкентте 8 отбасыға реновация бағдарламасы аясында пәтер берілді. Көксай шағынауданында тозығы жеткен үйлердің тұрғындары енді жаңа, жайлы үйлерге көшеді. Тұрғындарға баспана кілтін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы табыстады.  

Күнсұлу Оразбай Көксай шағынауданы Нұрлыбаев көшесі №13 үйдің тұрғыны. Ескі үйде 9 жылдан бері тұрады. Реновация бағдарламасы арқылы 3 бөлемі пәтердің кілтін алды. Жаңа баспанаға көшуге дайындық қызу, наурыз айында қоныс тойын өткізуді жоспарлап отыр.

 КҮНСҰЛУ ОРАЗБАЙ, ТҰРҒЫН
Үйді көрдік, ұнады. Бүгін кілтін алып отырмыз әкім мырзадан.Менің келін болып түскеніме 9 жыл болды. Ата-енем 30 жылдан бері тұрады.Құдай қаласа кілтті алдық. Өзіміздің ойымыздағыдай ас үй жасап, наурызда көшеміз деп отырмыз. Қоныс той болады енді.

Нұрлыбаев көшесі №13 үйде барлығы 8 отбасы тұрады. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков тозығы жеткен үйдің тұрғындарына жаңа пәтер кілттерін жеке-жеке табыстады. Баспаналар Шымкент сити және Тұран шағынауданынан берілді. Барлық пәтер толық әрленген, бұрынғы үйлеріндегі бөлме санына толық сәйкес келеді.

ДАНИЯР АХМЕТЖАНОВ, "SHYMKENT "ӘКК" АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ
Жоспарымыз дайындығына қарай. Тұрғындардың құжаты бар болса, жүз пайыз келісімдері болса, онда біз де дайынбыз. Бөлмеге бөлме, пәтерге пәтер етіп айырбастап. Біздің беріп отырған пәтерлердің шаршы метрі ескі пәтерлердің көлемінен әлдеқайда үлкен.

Айта кетейік, бағдарлама басталғалы бері 102 отбасына пәтер берілген. Мұнда тозығы жеткен 23 екі қабатты үй бар. Олардың 11-інің тұрғындары жаңа баспаналарға көшкен.