ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Түркістан облысына келді. Ол Келес ауданында жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалардың барысымен танысты. Елді мекендерді ауыз сумен қамту жұмысының қалай жүзеге асып жатқанын бақылады.
Ералы Тоғжановтың жұмыс сапары Келес ауданының Ақсу елді мекенінен басталды. Ведомство өкілі мұндағы ауыл халқын ауыз сумен қамту мәселесінің жай-күйімен танысты. Ауыл тұрғындарымен кездесіп, тіршілік нәрімен қамтудың маңыздылығын атап өтті. Тұрғындар жаңа су жүйесінің игілігін көріп отырғандарын жеткізіп, алғыстарын білдірді.
Бұдан кейін Жуантөбе елді мекеніндегі ауыз су жүйесінің құрылысы қаралды. Мұнда су құбырларын тарту, сорғы стансасын орнату және тұрғын үйлерді орталықтандырылған жүйеге кезең-кезеңімен қосу жұмыстары жүргізілген.
Сондай-ақ Жаңадәуір ауылындағы ауыз су нысанының жай-күйі пысықталды. Сонымен бірге Ескіқорған, Құйған және Қияжол елді мекендеріндегі ауыз су құрылыстарының барысы зерделенді. Аталған ауылдарда нысандардың жұмысы көрсетіліп, тұрғын үйлерге арнайы барып, орталықтандырылған су жүйесінің тұрақты жұмыс істеп тұрғаны тексерілді.