Шымкенттегі кейбір мұғалімдер еңбек заңнамасын өрескел бұзып келген. Талапқа сәйкес, бір оқытушы аптасына тек 24 сағат білім бере алады. Алайда кей ұстаздар 60 сағатқа дейін жүктеме алып, төрт маманның қызметін қатар атқарып жүрген. Сәрсен Абайұлының айтуынша, бұл оқу процесін тежеп, білім сапасын әлсіретеді. Олқылықты цифрлық жүйе анықтап, жауапты мекемелер мұғалімдердегі артық жүктемені алып тастаған. Нәтижесінде білім саласында 2 мыңнан аса бос жұмыс орны қалыптасты.


СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
– «Сол елу сағаттың ішінде ол мұғалім қанша балаға сабақ беретін еді десек, физика пәні болса, бұл 625 баланы қамтиды. Аптасына 25 сыныпқа сабақ беруі керек. 625 баланың дәптерін тексеру керек. Күнделікті толтыру керек.»  «Қанша жерден үлгеріп жатыр десек те, бұл сапаның төмендеуіне әсер ететін фактор.»


Тексеріс нәтижесінде 2063 бос жұмыс орны анықталған. Оның 1335-і мектептер мен колледждерге, 150-і арнайы мекемелер мен қосымша білім беру ұйымдарына, 34-і әдістемелік орталыққа тиесілі. Сондай-ақ өзге де штаттық қызметкерлерге арналған тағы 543 ваканция бар. Бос орындарды тиісті әрі лайықты мамандарға үлестіру мақсатында арнайы жәрмеңке өтті. Оған 164 мемлекеттік мекеме өкілі қатысып, жұмысқа орналасу тәртібі мен қажетті критерийлерді түсіндірді.


 ГҮЛНӘР ДӘРІБАЕВА, БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
– «Жәрмеңкені ұйымдастырудағы басты мақсат – ашықтықты қамтамасыз ету.»  «Мұнда педагог мамандығы бойынша дипломы бар мамандар мен кіші қызметкерлер келе алады.»


Жоғары оқу орнын үздік аяқтаған педагогтар жұмысқа конкурсыз қабылданады. Сондай мамандардың бірі – Нұрсұлтан Тұрмахан. Университетті озат тәмамдаған жас маман енді №145 мектепте шәкірт тәрбиелейді. Ол қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді.


НҰРСҰЛТАН ТҰРМАХАН, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
– «GPI балымның жоғары болуына байланысты осындағы мамандар мені жұмысқа қабылдауға уәде етті.»  «Қазір мектеп таңдап жатырмын. Одан кейін бұйрық шығарып, жұмысқа орналастырады.»


 Сәрсен Абайұлының айтуынша, мектептердегі үздік педагогтар сұрыпталып алынған. Енді олар тәлімгерлік мектептер қалыптастыруға негіз болады. Яғни, білім саласына жаңадан келген жас мамандарға жетекшілік жасап, тәжірибесімен бөліседі. Сондай-ақ ресми өкілдің сөзінше, магистратурада оқитын үздік студенттер де жарты ставка жүктемемен сабақ беруге конкурсыз қабылданады.