Арыс қаласында ҚР Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобы ұйымдастырған «Біртұтас ел – Біртұтас жер» атты ауқымды әскери-патриоттық акция өтті. Басты мақсат – әскери қызметтің беделін арттыру, Қарулы күштердің оң имиджін қалыптастыру, жастар бойына отансүйгіштік рух сіңіру.
Акция аясында Қорғаныс министрлігінің өкілдері Арыс қаласының әкімімен және жергілікті атқарушы органдардың басшыларымен кездесті. Кездесу барысында 2030 жылға дейінгі жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу тұжырымдамасын іске асыру мәселелері, сондай-ақ «Жас сарбаз» қозғалысын дамыту бағыттары талқыланды.
«Ергүбек» мәдениет үйінде Қазақстан Қарулы күштерінің қалыптасу тарихына арналған Мемлекеттік әскери-тарихи музейдің көрмесі ұйымдастырылды. Көрме барысында келушілер қару-жарақ пен әскери техниканың үлгілерімен, сондай-ақ атыс қаруларымен танысу мүмкіндігіне ие болды.
Іс-шара жас буынның жігерін жанып, талабын ұштады. Қатысушылар патриоттық сезімдерін жетілдіріп, Отан қорғауға, оны құрметтеуге деген ынта-жігерінің артқанын жеткізді.
Іс-шара барысында әскери оқу орындарына түсу тәртібі, құжат тапсыру талаптары және әскери есепке қою мәселелері бойынша да кеңінен түсіндірілді. Акция Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың шығармашылық ұжымының концерттік бағдарламасымен қорытындыланды.