Шымкентте бос жұмыс орындары жәрмеңкесі жалғасып жатыр. Мамандар әр өтінімді жеке қарастырып, тұрғындарды жұмысқа орналастыру бойынша кеңестер беріп келеді.


 Нюлифар Караходжаева – ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Саналы ғұмырын білім беруге арнаған ұстаз отыз жыл бойы аянбай еңбек етті. Осы сәтке дейін жекеменшік мекемеде қызмет істеген мұғалім бүгін жәрмеңкеге жұмыс іздеп келді. Айтуынша, құжаттары толық талапқа сай.


 НЮЛИФАР КАРАХОДЖАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
 Конкурс өтетінін естіп, осында келдім. Жетістіктерімді де әкелдім. Жалпы жұмыс өтілім – 30 жыл. Мамандар көріп шығып, конкурсқа жолдайды. Содан өтсем, жұмысқа қабылданамын.


Мұнда мамандарға қойылатын талаптар бар. Алайда GPA балы жоғары түлектер педагогикалық қызметке конкурссыз тағайындалады. Бұл тетік үздік нәтиже көрсеткен жас мамандарды қолдауға бағытталған.


 ДАРИҒА ИСЛАМХАН, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Әлеуметтік желіден бос орындар жәрмеңкесі жайлы естіп, осында келіп отырмын. Қазір магистратурада оқимын. Оқу үлгерімім жоғары болғандықтан, конкурссыз жұмысқа алдым.


Шымкенттің білім беру мекемелерінде 2000-ға жуық бос жұмыс орны бар. Екі күн бойы тұрғындар толассыз келіп, ақпарат алып, өтінім қалдырып жатыр, – дейді ұйымдастырушылар.


 ГҮЛНӘР ДӘРІБАЕВА, БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Дәл қазір ризашылық сезініп тұрмыз. Талай тұрғын келіп, өтінім беріп, жұмысқа орналасып жатыр. Бұл үрдіс келесі аптада да жалғасады. Қала тұрғындары келіп, толық ақпарат алса болады.


Жәрмеңке жұмыс іздеушілер үшін тікелей диалог алаңы болды. Мамандар мүмкіндігін ескере отырып, мекемелерге өтінім қалдырды.