Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Асар шағынауданындағы жаңартылған қоғамдық кеңістікті аралады. Онда көгал егіліп, жаяу жүргіншілер жолы салынған.
Сондай-ақ кеңістікте орындықтар мен сыртқы жарықтандыру орнатылып, автоматты суару жүйесі жаңартылған. Бұл абаттандырылған демалыс аймағы тұрғындарға таза ауада көбірек уақыт өткізуге және бос уақытында тиімді демалуға мүмкіндік береді. Содан кейін қала басшысы Бадам-1 елдімекенінде чугун люктер мен жалюзи шығаратын өндіріс цехын араладым. Мұнда күн сайын шамамен 12 тонна шойын балқытылып, 120–150 бірлік дайын өнім шығарылады. Сондай-ақ 21 мыңға жуық жалюзи түрлері өндіріледі. Бұдан соң шаһар басшысы алюминий және ПВХ терезе мен есік конструкцияларын жасайтын «SAYPLAST» серіктестігінің жұмысымен танысты. Компанияның жылдық өндіріс көлемі 15 500 шаршы метрден асады. Сонымен қатар ағаш өңдеумен айналысатын әрі баспалдақ, тапчан және есік конструкцияларын шығаратын цехқа да барды. Кәсіпкерлермен кәсіпорындардың дамуы, қазіргі мәселелерді шешу жолдары және болашақтағы өсу перспективасы жөнінде пікір алмасты.
Тұран шағынауданында паралимпиадалық және сурдлимпиадалық спорт түрлеріне арналған заманауи спорт кешенінің құрылысы басталды. Нысан аумағында футбол алаңы, әмбебап спорт залдар, жүзу бассейні, жаттығу алаңдары мен белсенді демалыс аймақтары қарастырылған. Жаңа кешен бейімделген спортты дамытуға және ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін қолжетімді орта қалыптастыруға арналған маңызды алаңға айналады. Сондай-ақ Ақжайық шағынауданында 200 орынға арналған қалалық №2 перинаталдық орталықтың құрылысы жүргізіліп жатыр. Жаңа медициналық мекеменің іске қосылуы аналар мен жаңа туған сәбилерге көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға сеп болмақ. Бұл нысанның салынуы халық санының тұрақты өсуімен тығыз байланысты. Бүгінде Шымкентте 1,29 миллионнан астам адам тұрады, ал салалық медициналық мекемелердің жүктемесі белгіленген нормативтерден асып отыр.