Түркістан облысында стратегиялық маңызы бар «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісінің құрылыс жобасы іске асып жатыр. Жобаны толық іске қосу 2026 жылдың желтоқсан айына жоспарланған. Атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен жоспарға сәйкестігі қатаң бақылауға алынған. Құрылыс жұмыстарын «Қазақстан темір жолы ҰК» АҚ тапсырысымен «Integra Construction KZ» ЖШС жүргізіп жатыр.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның құрылыс жөніндегі басқарушы директоры Марат Исқалиевпен және жобаны іске асырушы «Integra Construction KZ» ЖШС өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында жобаны жүзеге асырудың қазіргі жай-күйі баяндалып, құрылыс барысындағы өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары талқыланды. Марат Исқалиевтың айтуынша жұмыс барысы қарқынды. Қазіргі уақытта аяқталған жер қазу жұмыстарының жалпы көлемі 9,1 млн текше метрді құраған. 19,8 шақырымға рельсті шпал торы төселген. Сонымен қатар көпірлер мен өткелдер салу, су құбырларын жүргізу, жасанды құрылымдарды монтаждау жұмыстары қарқынды атқарылуда. Бұл жұмыстарға жалпы саны 560-ден астам адам мен 400-ге жуық арнайы техника жұмылдырылған. Теміржол желісінің жалпы ұзындығы 172 шақырымды құрайды.
МАРАТ ИСҚАЛИЕВ , «ҚАЗАҚСТАН ТЕМІР ЖОЛЫ» ҰК АҚ-НЫҢ ҚҰРЫЛЫС ЖӨНІНДЕГІ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ
Жаңа бағыт «Сарыағаш» өткізу пунктінің жүктемесін түсіріеді, сондай-ақ Сарыағаш, Келес, Жетісай, Мақтаарал және Шардара аудандарын байланыстырады. Аталған бағыттың өткізу қабілетін едәуір арттырып, магистральдық көлік, кедендік және шекаралық инфрақұрылымның даму деңгейін көтеруге мүмкіндік береді.
Жобаның негізгі мақсаты жүк және жолаушылар тасымалының көлемін арттыру, транзиттік тасымалдарды ашу, жаңа бағыттарды іске қосу. Сондай-ақ Т»үркістан – Шымкент – Ташкент» учаскесіндегі өткізу қабілетін тәулігіне 35 жұп поезға дейін ұлғайту. Облыс әкімі жауаптыларға құрылыс жұмыстарын жеделдетіп, тапсырмаларды белгіленген мерзімде сапалы орындау қажетін ескертті.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
– «Біздің өңір үшін ел үшін маңызды жобалар жүзеге асып жатыр. Қандай сауалдарыңыз бар?»
Жиын барысында Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілеген, Сарыағаш, Келес, Мақтаарал, Жетісай аудандарының әкімдері баяндама жасады. Жобаны жүзеге асыру үшін жер телімдерін мемлекет мұқтаждығына алу рәсімдерін жүргізу, сондай-ақ жер телімдерін сатып алу жұмыстары туралы кеңінен ақпарат берді.