Қорғаныс министрі Дәурен Қосановтың бұйрығымен әскери бөлімшеде ашық есік күні өтті. Оған жас сарбаздардың 4 мыңнан аса туған-туысы келіп, әскерилердің тыныс-тіршілігімен танысты.


Қонақтарға арнап арнайы қару-жарақ пен әскери техника көрмесі ұйымдастырылды. Ата-аналар ұлдарының қызмет барысында нені меңгергенін өз көздерімен көрді. Оқу-жаттығу алаңында сарбаздар қарумен әскери тәсілдерді, қоян-қолтық ұрыс элементтерін және жауынгерлік тапсырмаларды орындау шеберлігін көрсетті.


Келушілерге тәрбие жұмысын ұйымдастыру және әскери тәртіпті сақтау бойынша қорғаныс ведомствосы тарапынан қабылданып жатқан шаралар туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар қаруды қолдану, сабақтар мен жаттығулар өткізу кезіндегі қауіпсіздік қалай қамтамасыз етілетіні егжей-тегжейлі айтылды. Қонақтар казармаларды аралап, жатын бөлмелер мен тұрмыстық аймақтарды көрді. Асханаға барып, сарбаздардың тамақтану тәртібімен танысты.


 Бірыңғай Ашық есік күні ата-аналарға ұлдарының кәсіби командирлердің басшылығымен қызмет атқарып, жан-жақты қолдауға ие болып отырғанына көз жеткізуге мүмкіндік берді.