Шымкентте паралимпиадалық және сурдлимпиадалық спорт түрлеріне арналған спорт кешенінің құрылысы басталды. Капсула салу рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен зиялы қауым өкілдері қатысты. Одан кейін шаһар басшысы тағы бір маңызды құрылыс алаңына барып, №2 перинаталдық орталықтың ірге тасын қалады.

Шымшаһардың инфроқұрылымы жетіліп, көз ілеспес жылдамдықпен дамып келеді.
Оның нақты айғақы – іргетасы қаланып, құрылысы басталған екі бірдей әлеуметтік нысан. Әуелі қала басшысы спорттық жоба жоспарымен танысып, мердігермен құрылыс жұмыстарын талқылады. Ардагерлер және қоғамдық кеңес мүшелерімен бірге нысанның камсуласын салып, ірге тасын қалады.

ҚАНАТ ЖОЛДЫҚАРАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ М.А
– «Параолимпиадаға, сурордолимпиадаға қатысатын барлық спортшыларымыз осында жаттығу жасайтын болады. Және болашақта осында ірі жарыстарды да өткізуді жоспарлап отырмыз.»

Айта кетейік, спорт кешенінің жалпы аумағы 16 800 шаршы метрді құрайды. Нысанда футбол алаңы, екі әмбебап спорт залы, жекпе-жек спорт түрлеріне, спорттық билерге, үстел ойындарына, армрестлинг пен пауэрлифтингке арналған арнайы залдар, сондай-ақ, жүзу бассейні мен автотұрақ қарастырылған. Жоба аясында воркаут алаңы, жүгіру және велосипед жолақтары да салынбақ.

Одан кейін қала әкімі мен зиялы қауым өкілдері 200 төсек-орынға лайықталған  №2 перинаталдық орталық құрылысына барды. Болашақ нысанның капсула салу рәсімі өтіп, іргетасы қаланды.  


ОРЫНБАЙ РАХМАНБЕРДИЕВ, МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ
– «Түркістан өңірі, Шымкент қаласы туу көрсеткіші бойынша елімізде алдыңғы қатарда. Соныдқтан да мұндай орталықтық, жайлы жағдай жасалғаны құба-құп деп ойлаймыз. Қуанып тұрмыз.»


Мегаполис басшысы жобаның әлеуметтік маңызына тоқталып, денсаулық сақтау жүйесін дамытудағы елеулі рөлін атап өтті. Айта кетейік,  бүгінде қаладағы 508 акушерлік төсек-орны бар төрт профильді медициналық мекеме шамадан тыс жүктемемен жұмыс істейді. Жаңа нысан мәселені шешіп, сапа көрсеткішін одан әрі жетілдірмек.


 АЙДЫН НАШЕНОВ, ҚАЛАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
– «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ана мен бала денсаулығын қамтамасыз ету мақсатсында құрылысы басталған нысан.»


Жобаның жүзеге асырылуы қолданыстағы медициналық мекемелерге түсетін жүктемені азайтып, перинаталдық көмектің қолжетімділігін арттырмақ. Ал жаңа спорт кешені денсаулық сақтау жүйесін одан әрі жетілдіріп, болшақ чемпион тәрбиелеуге жол ашпақ.