Шымкенттік оқушылар жасанды интеллект арқылы жаңа жоба жасап шығарды.Бағдарлама саяхатты жаны сүйетіндерге таптырмас құрал.Мұнда бағыт құрып, бағдар алып, қаланың ерекшелігімен етене таныса аласыз.Жобаның тағы қандай артықшылығы бар? Әріптесім тарқатып айтады.
Жасанды интеллект арқылы жасалған тың туынды «Саяхат» деп аталады.Отандық туризмді дамытуға бағытталған жоба жоспарыңызды айқындауға көмектеседі.Қалауыңызға қарай қажетті орынды тауып беріп, қауіпсіздікпен де қамтамасыз етеді.
ӘЛІМЖАН ЖОРАБЕК, НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫСЫ
Бұл платформада сіздің жеке жасанды интеллект көмекшіңіз болады.Сіз барғыңыз келетін жерді жазасыз, ол сізге жоспарды құрап береді. Қауіпсіздік мәселесіне де көңіл аудардық.Ол сіздің қайда жүргеніңізді көре алады.
Шымкенттік оқушылар мұндай идеяларды сабақ үстінде жүзеге асырады.Жасанды интеллекттің қыр-сыры жайлы тәлім алып, дағдысын дамытады.
САЛТАНАТ ЖАЛМАХАНОВА, НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНІҢ МҰҒАЛІМІ
Жалпы алғанда, біз арнайы деңгейлік тапсырмаларды орындаған кезде жасанды интеллектті қолданып жатамыз.Сабақ үстінде оқушылардың деңгейін анықтап, теориямен шектелмей, практикалық тұрғыда білім береміз.Жасанды интеллект мұғалімнің көмекші құралы ғана.Ол ұстаздың орнын баса алмайды.
Елімізде жасанды интеллект арқылы білім беру ісі бір жолға қойылды.Осы жылы аталған бағытта жана оқу орны ашылмақ.Ал оқушылар жаңа дағдыны меңгеріп, жоба жасауды жалғастыратындарын жеткізді.