Түркістанда көрнекті қаламгер, публицист Саттар Ерубаевтың шығармашылығына арналған поэтикалық кеш өтті. Мәдениет үйі фойесіндегі кітап көрмесімен басталған кеш думанды концертке жалғасып, ақын еңбегі ұлықталды.


Сахнада кеш шымылдығын «Яссы» фольклорлық ансамблі ашып, ұлттық өнерді дәріптеді. Тау тұлға жайында бейнематериал көрсетіліп, пролог-монолог арқылы ақынның өмірі мен шығармашылық әлемі таныстырылды.


ЖҰМАГҮЛ ӨТЕБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
– «Өте керемет кеш болды. Ерекше әсерге бөленіп қайтып барамыз. Ұйымдастырушыларға рақмет. Осындай кештер көптеп ұйымдастырыла берсе екен деген тілектеміз.»


Іс-шара барысында ән мен би қатар өрбіп, жас дарындар қаламгердің отты жырларын жатқа оқыды. Облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Есенәлімұрат Ізтілеуов пен Түркістан қаласының «Құрметті азаматы» Шора Исмолдаев сөз сөйлеп, жастарды ұлттық рух пен әдеби мұраны қадірлеуге шақырды. Кеш барысында көркемсөз үйірмесінің оқушылары мен орталық кітапхананың оқырмандары ақын өлеңдерін мәнерлеп оқыды.


ГҮЛМИРА ӘЛІМҚҰЛОВА, ЗЕЙНЕТКЕР
 – «Өте керемет дайындалған. Керемет кеш болды. Әндер керемет шырқалды. Барша өнерпаздарға ризамшылығымды жеткізгім келеді көрермен ретінде.»


Тағылымы мол әдеби кеш көрерменге ерекше әсер сыйлап, Саттар Ерубаевтың асыл мұрасын жас ұрпаққа насихаттады.