Түркістан облысының әкімдігінде жаңа Конституция жобасын талқылауға және түсіндіруге арналған мәжіліс өтті. Маңызды жиынға аудан әкімдері, басқармалар мен аумақтық органдардың басшылары, қоғамдық ұйымдар мен партиялар, жастар өкілдері қатысты.
Өңір активі бас қосқан мәжіліске Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров төрағалық етіп, елімізде аса маңызды саяси реформалар жүріп жатқанына, оның мемлекетті дамытудағы маңызына тоқталды.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
– «Жаңа конституциялық реформаны талқылауларға еліміздің азаматтарына мүмкіндік беріліп, олар өз пікірлері мен ұсыныстарын e-Otinish және eGov порталдары арқылы жолдады. Жұмыс тобы азаматтардан түскен екі мыңнан астам ұсынысты жан-жақты қарап, талқылады. Конституциялық комиссия 77 бапқа түзетулер енгізіп, нәтижесінде Конституцияның жаңа жобасы 84 пайызға жаңартылуда.»
Жиында Конституциялық комиссияның мүшесі, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов те баядама жасады. Ол ел болашағы үшін жасалып отырған ауқымды реформа халыққа әділетті жағдай жасап, мәдени-рухани дамуға жол ашып, еліміздің дамуына зор серпін беретінін жеткізді.
НҰРАЛЫ ӘБІШОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
– «Конституция преамбуласы толығымен жаңартылып, ұлттық мемлекеттілікті нығайтып, елдің идеялық бағдарын айқындайтын маңызды қадам ретінде ұсынылды. Преамбулада Қазақстанның біртұтас ұлт екенін көрсету, унитарлық құрылымын және аумақтық тұтастығын сақтау, «Әділетті Қазақстан» идеясы мен «Заң мен тәртіп» қағидаттары да ұсынылды.»
Жоба кіріспеден, 11 бөлім мен 95 баптан тұрады. Онда ел өміріне қажетті барлық маңызды тұстар қамтылған. Еліміздің өткенін дәріптейтін, бүгіні мен болашағына бағдар жасайтын жалпыұлттық құндылықтар көрініс тапқан. Жиында Түркістан облысы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов та Конституция жобасына қатысты ұсынысын жеткізіп, бастаманы қолдайтынын айтты.
Жиынды қорытындылаған Нұралхан Көшеров жаңа Конституция жобасы бойынша шешім республикалық референдумда қабылданатынын, Конституциялық реформа еліміздің саяси-құқықтық және қоғамдық дамуына оң серпін беретінін жеткізді.