Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте Салық кодексіндегі өзгерістер, еңбек қатынастары мен қаладағы кәсіпорындардағы қауіпсіздік мәселелері, сондай-ақ, мемлекет қажеттілігіне жер учаскелерін қайтару жұмыстарының барысы қаралды.


 Шымкентте шағын және орта бизнесті қолдауға басымдық беріліп отыр. Жеңілдетілген салық салу режимдері сақталады, ал салықты уақтылы төлемегені үшін салынған айыппұлдар сол берешек наурыз айының соңына дейін өтелген жағдайда жойылады. 2025 жылы еңбек инспекциясына 2 860 өтініш түскен. Нәтижесінде 2 001 қызметкердің еңбек құқығы қорғалған. Өткен жылы өндірісте 19 жазатайым оқиға тіркеліп, 21 адам зардап шеккен. Негізгі себептер ретінде еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы және жұмысты ұйымдастырудағы кемшіліктер аталды. Сонымен қатар, Шымкентте Бірыңғай цифрлық платформаны енгізу жалғасуда. 368 мекеменің 332-сі жүйеге штаттық деректерін енгізген. Қалған ұйымдарды қосу жұмысы жалғасуда. 2025 жылы мемлекеттік қажеттілікке 406 жер учаскесі алынған. Жалпы аумағы 142,7 гектарды құрайтын 327 учаске бойынша өтемақы төленіп, 53 учаске бойынша тең бағалы жер телімдері берілді. Цифрландыру аясында Шымкентте Геоақпараттық жүйені eGov порталымен және 1414 сервисімен біріктіру арқылы меншік иелеріне СМС-хабарлама жіберу жүйесі енгізілді. Бұл жоба елімізде алғаш рет жүзеге асырылып, өзге өңірлердің қызығушылығын тудырды. Кеңес қорытындысы бойынша қала әкімі салық саласындағы өзгерістер бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, еңбек заңнамасы мен еңбек қауіпсіздігі талаптарының қатаң сақталуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ, цифрландыру және мемлекеттік қажеттілік үшін жер учаскелерін қайтару жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.