Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қаланы аралау барысында бірқатар нысандарды тексерді. Астана шағынауданында тұрғындардың бастамасымен «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында абаттандырылған жаңа қоғамдық кеңістікті аралап көрді. Аумақта көгалдандыру жүргізіліп, сыртқы жарықтандыру мен орындықтар орнатылды.


Сонымен қатар қала әкімі «Абай» саябағында қала тұрғындарының демалуына арналған тағы бір қоғамдық кеңістікпен танысты. Барлық жұмыс демеушілік қаражат есебінен атқарылды. Мұнда екі балалар ойын алаңшасы мен жаяу жүргіншілер жолы салынып, орындықтар мен сыртқы жарықтандыру орнатылды. Әрі қарай Асар шағынауданындағы жылыжайға барып, қаланың магистральді көшелеріне отырғызу үшін өсіріліп жатқан түрлі гүлдерді көріп шықты. Мұнда көпжылдық және біржылдық өсімдіктер — ашық түсті эхинацея мен сальвиядан бастап, ірі гүлді гайлардия мен лавандаға дейін дайындалады. Сонымен қатар Шымкент қаласының әкімі Кенесары Қасымұлы атындағы №82 мектепке арналған 450 орындық және №16 мектепке арналған 575 орындық қосымша оқу корпустарының құрылысын тексерді. Жобалардың аяқталуы оқушылар үшін қолайлы жағдай жасап, сапалы білімге қолжетімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Мердігер ұйымдарға нысандарды бекітілген кестеге сәйкес пайдалануға беруді тапсырды. Аралау қорытындысы бойынша Іляев пен Орынбаев көшелерінің қиылысындағы жылу магистралінде жүргізіліп жатқан апаттық-қалпына келтіру жұмысының барысын бақылап шықты. Коммуналдық қызмет өкілдері жылумен қамтуды мүмкіндігінше тез қалпына келтіру үшін жедел түрде жөндеу жұмысын жүргізуде. Қала тұрғындарынан түсіністікпен қарауды сұрады. Барлығы оның жеке бақылауында және жақын арада толық аяқталады.