Қорғаныс министрлігі Армия орталық спорт клубының әскери қызметшілері Қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстанның атынан сайысқа түседі. Дода 2026 жылдың 6–22 ақпаны аралығында Миланда өтеді. Ұлттық құраманың қатарына республикалық және халықаралық деңгейлерде айтарлықтай жетістіктері бар жеті армия спортшысы – биатлоншылар мен шаңғышылар енді.
Биатлон жарысында ефрейтор Владислав Киреев – спринтте 2025 жылғы Қысқы Азия ойындарының чемпионы. Әлем Кубогы маусымында ол қазақстандық биатлоншылар арасында үздік нәтиже көрсетіп, үздік 20 спортшының қатарына кірген болатын. Бұдан өзге ел намысын қорғайтындар сапында 2025 жылғы Қысқы Азия ойындарының күміс жүлдегері, Дүниежүзілік Универсиаданың екі дүркін күміс жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Әсет Дүйсенов бар. «Азия балалары» Халықаралық жасөспірімдер жарыстарының қола жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Айша Рақышева да осы сапта. IBU кубогы кезеңдерінің бірнеше дүркін қатысушысы Милана Генева да бар. 2025 жылғы Қысқы Азия ойындары эстафетасының күміс жүлдегері Надежда Степашкина қатысады. 2022 жылғы Олимпиада ойындарының қатысушысы Ксения Шалыгина; шаңғы жарысы бойынша Қазақстан Кубогының жеңімпазы, ұлттық және халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегері Анна Мельник бағын сынайды. Әскер спортшыларының Олимпиада ойындарына қатысуы көп жылғы тынымсыз әрі жүйелі еңбекпен келген дйындықтың, темірдей тәртіп пен кәсіби деңгейдің жоғары нәтижесі екені сөзсіз.