Бүгін тұрғын үй кезегінде тұрған бір топ шымкенттік отбасы жаңа пәтердің кілтін алды. Кезекті рет өткен шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, тұрғындарға жылы лебізін жеткізді.
Асхан Айдаршаева-он жылдан бері баспанаға қол жеткізуді армандаған. Қуанышқа кенелген отбасы бүгін Тұран ауданында орналасқан үш бөлмелі пәтерге қоныстанды. Үш ұл өсірген ақ жаулықты ана баласының мерейлі сәтіне ортақтасып келіпті.
АСХАН АЙДАРШАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Мінеки, он жыл бойы армандаған пәтерге қол жеткіздік.Қаншама қиындықтан өттік.Мұның бәрін үйлестіріп жатқан қаламыздың әкімі ғой.Мұндай әкім бұрын көрмегенбіз.Үлкен алғысымды білдіремін.
Қазіргі таңда шаһарда тұрғын үй кезегіне 92 мың азамат тіркелген. Санақтың 32 мыңға жуығын осал топтағы жандар құрайды. Пәтерге қол жеткізген тұрғындар Асар-2, Бозарық және Тұран шағын аудандарына қоныс тепті. Тұрғын үйлер жалдамалы негізде беріліп, сатып алу құқығы қарастырылған.
ЕРКІН АХЫНШАЕВ- «ОТБАСЫ БАНК» АҚ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
544 пәтерден 2025 жылы 235 пәтерді үлестірдік.Осы жылы келесі кезекте тұрғандарға 120 пәтер берілді.Қазіргі таңда 200-ден астам үй бар.Енді тұрғындарға хабарлама жолдап, келесі аптада үлестіріп береміз.
Тұрғын үй беру жұмысы Шымшаһарда тұрақты түрде жалғасын тауып келеді. Өткен жылы бұл санаттағы 1 500-ге жуық азамат жаңа пәтерге ие болып, қоныс тойын атап өткен болатын. Қатарында жалдамалы пәтерді сатып алу құқығымен алғандар мен ипотекалық бағдарлама бойынша тұрғын үйге қол жеткізгендер де бар.