Танысамын деп қалтаңыздағы қаражатыңыздан қағылып қалмаңыз.Қазір әлеуметтік желі арқылы сенімге кіріп, жылы сөзін жаудырып, қарызға белшеден батырып кететін алаяқтардың қатары артты.Сан соғып қалғанын байқамайтындардың басым бөлігін кәмелетке толмаған қыздар құрайтын көрінеді.Мәселенің жай-жапсарын әріптесім Аружан Самидин тарқатады.
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Тредс қосымшасын аша қалсаң, «жар іздеймін» деп жар салған жандардың жазбасынан көз ашпайсың. Бірақ, дәл осы жерде мыңдаған адам виртуалды махаббаттың шырмауына түсіп жатқанын аңдамайды. Мінсіз сауалнама. Онлайн таныстық. Сезімге ергендер соңында қалтасындағы қаржысын қалай бергенін білмей қалады. Қазіргі онлайн алаяқтықтың схемасы осындай.
Тредс арқылы танысқандардың санатында шымкенттік тұрғын да бар. Жылы сөздерге алданған бойжеткен 100 мың теңгесін жігіттің шотына еш ойланбастан аударып жіберіпті.
- Threads арқылы бір жігітпен таныстым. Басында бәрі жақсы болды: кездестік, мейрамхана, гүл, сыйлықтар. Екі аптадан кейін қаржылай қиындыққа тап болғанын айтып, ақша сұрады. 4-5 сағаттың ішінде қайтарып беремін деді. Алдымен 80 мың теңге, кейін тағы аудардым. Содан соң хабарласпай кетті. Жазсам - жауап жоқ, қоңырау бармайды. Номерін тексерсем, мүлде басқа қыздың атына тіркелген екен. Сол кезде ғана алданып қалғанымды түсіндім.
Зерттеу барысында күмән тудырған платформалардың біріне біз де кіріп көрдік. Аталған Telegram-арнада жас шектеуі қарастырылмаған. Тіркелу кезінде пайдаланушылардан жеке деректер мен фотосурет жүктеу талап етіледі. Тіпті, геолокация арқылы жақын маңдағы жігіттердің тізімі ұсынылады.
Желі арқылы танысып, сан соғып қалғандардың қатары мұнымен толастамай тұр. Жақында жаға ұстатарлық тағы бір жайт орын алды. Тиндер қосымшасында өзін «Нұрай» деп таныстырған жігіт жалған парақша ашып, жәбірленушімен тілдесіп, 4 млн теңгеге жуық қаражатын қағып алған. Өткен жылы отбасылы ер адамның желі арқылы жас қызбен танысып, түрлі сылтауды желеу етіп, 92 млн теңгесін қалтасына басқаны жайлы ақпарат та тараған болатын.
- Алаяқтар көбіне өздерін тартымды жігіт немесе қыз ретінде таныстырып, хат алмасуды белсенді түрде жүргізіп, адамға ерекше көңіл бөліп, қысқа уақыт ішінде сенімге кіреді. Уақыт өте келе әңгіме қаржылай көмек сұрауға ұласуы мүмкін.Ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті азаматтарды онлайн-танысу кезінде сақ болуға және құқыққа қайшы әрекеттер туралы уақтылы полицияға хабарлауға шақырады.
Мамандардың айтуынша, алаяқтар адамның сеніміне кіру үшін жалған парақша жасап, «құлай сүйетінін» айтып құрбандарын арбауға тырысады. Жанұясында жылуылық көрмеген жас қыздар алаяқтың торына тез түсіп қалады,-дейді психолог.
БАХЫТ ОМАРОВА, ПСИХОЛОГ
- Көбінесе мұндай жайтқа ата-анасынан жылу көрмеген қыздар тап болып жатады.Алаяқтар сол арқылы алдап-арбап, жылы сөздер айтып, тұзағына түсіреді.
Онлайн танысқандардың арасында табысып, шаңырақ көтеріп, тату-тәтті өмір сүріп жатқандар да жоқ емес. Бұл мәселе жайлы жастардың пікірін тыңдап көрдік.
-,Менің құрбымда осындай жағдай орын алды.Желі арқылы бір жігітпен танысқан.Гүл жіберіп жүрген.Кейін құрбымды несиеге батырып кетті.
- Мен де бірнеше жыл бұрын телеграмда бір жігітпен таныстым.Бір апта өткен соң елу мың теңге сұрады.Алаяқ деп қауіптендім де бұғаттап тастадым.