Шымкенттегі Бауыржан Момышұлы атындағы оқу орталығында Қазақстан Республикасы ІІМ Мамандандырылған күзет қызметі қызметкерлері арасында «Үздік қызметкер» байқауы өтті.
Шара қызмет барысында тапсырмаларды сапалы әрі тиімді орындаған мамандарды ынталандыру мақсатында ұйымдастырылды. Биыл екінші рет өткізіліп отырған байқау күзет қызметі қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыруға, шығармашылық әлеуетін ашуға және бастамаларын дамытуға бағытталған. Негізгі мақсат – күзет қызметінің беделін арттыру. Байқауға ІІМ Мамандандырылған күзет қызметінен жалпы 38 қызметкер қатысты. Оның ішінде 19-ы қатардағы және кіші басшы құрам өкілдері. Сайыс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ішкі істер министрлігінде 2026 жылды арнайы оқу орындарын жетілдіру жылы деп жариялауына орай қолға алынған.