Шымкентте баспана кезегінде тұрған тағы 50 отбасы жаңа пәтерге қоныстанды. Мемлекеттік бағдарлама аясында берілген баспаналардың басым бөлігі әлеуметтік осал топтарға үлестірілді.
Баспана иелерінің бірі – Мадина Нұрланқызы. Ол тұрғын үй кезегіне осыдан 10 жыл бұрын тіркелген. Содан бері жеке пәтерді аңсаған тұрғын қала әкімінің қолынан үш бөлмелі пәтердің кілтін алды. Баспанамен 2 пайыздық жеңілдетілген несие арқылы қамтылған.
Жаңа пәтерлер Ақжайық шағынауданында орналасқан. Баспаналар «2-10-20» және «5-10-20» бағдарламалары аясында үлестірілді. Мүмкіндік көпбалалы және толық емес отбасыларға, мүгедектігі бар азаматтар мен ерекше бала тәрбиелеп отырған жандарға берілген. Сондай-ақ тізімде бюджеттік сала және мемлекеттік мекеме қызметкерлері де бар.
Жалпы, Шымкентте 96 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр. Олардың мемлекеттік бағдарламалар арқылы баспаналы болуға мүмкіндігі бар.