Енді Шымкентте мемлекеттік мекемелердің кіріс-шығыс қаржысына онлайн бюджеттік мониторинг жүргізіледі. Қазіргі таңда пилоттық жоба аясында білім, денсаулық, спорт және мәдениет басқармаларына аудиттік тексеріс жүргізілген. Нәтижесінде еңбек ақы төлеу барысында қызметкерлерге негізсіз артық қаражат аударылғаны анықталды. Бұл туралы Шымкент қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің мамандары мәлімдеді.
2026 жылдың алғашқы тоқсанында департамент 19 аудиттік іс-шара жүргізген. Оның 3-і жоспарлы, 16-сы жоспардан тыс тексеру. Нәтижесінде жалпы сомасы 43,3 млрд теңгеге заңбұзушылық анықталған.
БАҚБЕРГЕН ҚҰРАЛБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ІШКІ МЕМЛЕКЕТТІК АУДИТ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Атап айтқанда, қаржылық бұзушылықтар көлемі – 14,3 млрд теңге. Оның ішінде бюджетке өтелуге жататыны – 203,7 млн теңге. Құрылыс жұмыстары бойынша орындалмаған жұмыстарды қалпына келтіруге – 13,4 млрд теңге, бухгалтерлік есепке алу жолымен қалпына келтіруге – 674,4 млн теңге. Ал рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар көлемі 29 млрд теңгені құрады. Оның ішінде мемлекеттік сатып алу туралы заңнама бойынша жіберілген бұзушылықтар сомасы – 28,9 млрд теңге. Жүргізілген 19 аудиттік іс-шараның 14-інде қаржылық бұзушылықтар анықталды. Оның ішінде бюджет қаражатын негізсіз пайдалану фактілерінің үлесі 74 пайызды құрады.
Тексеру қорытындысы бойынша 19 аудит объектісіне анықталған бұзушылықтарды жою және кінәлі азаматтарды жауапкершілікке тарту туралы нұсқама берілді. 7 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 2 азамат әкімшілік жаза алып, 432 мың теңге көлемінде айыппұл төледі. Ал 3 аудит материалы процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданды.
БАҚБЕРГЕН ҚҰРАЛБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ІШКІ МЕМЛЕКЕТТІК АУДИТ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Жинақталған ақпаратқа сәйкес Құрылыс басқармасына, Транспорт басқармасына және Цифрландыру басқармасына жүргізілген аудит барысында 106 төлем қамтылып, 64 төлем бойынша тәуекел расталды. «Онлайн бюджеттік мониторинг» жүйесі аясындағы пилоттық жоба 4 сала бойынша жүзеге асырылуда. Жалпы ОБМ нәтижесі бойынша есепті кезеңде білім, денсаулық, спорт және мәдениет басқармаларына 918 тәуекелді төлем бойынша 293,3 млн теңгеге 45 хабарлама жолданған. Оның ішінде 11,9 млн теңге немесе 4 пайызы қызметкерлерге еңбек ақы төлеу барысында негізсіз артық аударылғаны расталды.
Сонымен қатар департамент жыл басынан бері 8503 мемлекеттік сатып алу процедурасына камералдық бақылау жүргізген. Нәтижесінде мемлекеттік сатып алу саласында 25 млн теңгеге заңнама талаптарының бұзылғаны анықталды.