Шымкент қаласының әкімі Ғ.Сыздықбеков Көксай шағынауданында реновация бағдарламасы аясында өткен кезекті пәтер кілтін табыстау рәсіміне қатысты. Көксай аумағын жаңғырту тұжырымдамасына сәйкес, 4 отбасыға жаңа баспананың кілті берілді.
Тұжырымдаманың негізгі кезеңдерінің бірі – тозығы жеткен үйлердің тұрғындарын реновация бағдарламасы аясында жаңа баспанамен қамтамасыз ету. Бағдарлама басталғалы бері 122 отбасы жаңа үйлерге қоныс аударды.
Тұрғындарға Шымкент Сити және Тұран шағынаудандарынан заманауи пәтерлер берілді. Барлық пәтер толық әрленген әрі бұрынғы үйлеріндегі бөлме санына сәйкес келеді. Қоныс иелері жаңа баспаналарын аралап көріп, қуаныштарымен бөлісті.
ИГОРЬ ПАЙКОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Мен Көксайда туып-өстім. Әрине, туған жерімді қимаймын. Бірақ жаңа қоныс — біздің арманымыз еді. Осындай қуанышқа кенеліп отырғаныма ризамын. Қала басшылығына алғысымыз шексіз. Бұрын «үйіміз қашан құлап қалады екен?» деп алаңдап отыратын едік. Енді оның бәрі артта қалды.
Көлсай тұрғындары да құжаттары толық рәсімделгеннен кейін кезең-кезеңімен көшіріледі. Пәтер кілттерін табыстау рәсімі алдағы уақытта да жалғасады. Сонымен қатар, қала әкімі Қаратөбе тұрғын алабындағы Қарағаш көшесінде, Бозарық шағынауданындағы Ханқорған көшесінде және Ынтымақ шағынауданындағы Майбұлақ көшесінде жүргізіліп жатқан жол құрылысының барысымен танысты. Жауапты тұлғалар мен мердігер ұйымдарға құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізуді, белгіленген мерзімді қатаң сақтауды және жөндеу кезінде тұрғындарға келетін қолайсыздықтарды барынша азайтуды тапсырды.