Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты Саз колледжінің студенттері халықаралық, республикалық және қалалық байқауларда жоғары нәтиже көрсетіп, өңір мерейін үстем етті. Биылғы шығармашылық маусым оқу орны үшін табысты болып, білім алушылар түрлі өнер додаларында жүлделі орындарға ие болды.


 Оқу орнының студенттері музыкалық білім беру саласындағы беделді байқаулардың бірі — XXXVII республикалық жас орындаушылар конкурсында кәсіби шеберліктерімен ерекшеленді. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті ұйымдастырған өнер додасына еліміздің түкпір-түкпіріндегі музыкалық колледждердің дарынды студенттері қатысты.


 ӘЛІМЖАН СЕРІКБАЕВ, ШЫМКЕНТ САЗ КОЛЛЕДЖІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ
Бұл конкурстар колледж студенттері үшін үлкен тәжірибе мектебі. Жас өнерпаздар өз қабілеттерін танытып қана қоймай, жоғары оқу орындарына түсуге және үлкен сахнаға жол ашуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, мұндай өнер додалары студенттердің білім деңгейін саралап, шығармашылық әлеуетін бағалауға ықпал етеді. Біз бұл байқауларды жас өнерпаздардың олимпиадасы деп есептейміз. Осындай сайыстарда үздік нәтиже көрсеткен шәкірттердің болашақта үлкен сахнадан көрінуіне негіз қаланады.


 Байқау қорытындысы бойынша Шымкент Саз колледжінің студенттері 1 бас жүлде, 3 екінші орын және 4 үшінші орынды иеленді. Сондай-ақ 6 студент дипломмен марапатталып, арнайы жүлдеге де қол жеткізді. Жеңімпаздар арнайы фортепиано, академиялық вокал, үрлемелі және соқпалы аспаптар, хор дирижерлығы, музыка теориясы және дәстүрлі ән бағыттары бойынша өнер көрсетті.


 Бүгінде Шымкент Саз колледжі еліміздің мәдениеті мен өнеріне кәсіби мамандар даярлайтын шығармашылық оқу орны ретінде жас таланттардың қанатын қатайтып, олардың үлкен сахнаға жол ашуына ықпал етіп келеді. Сонымен қатар, студенттер әдеби-шығармашылық және қоғамдық бағыттағы сайыстарда да белсенділік танытып, мемлекеттік тіл, көркемсөз оқу, поэзия және ұлттық спорт түрлері бойынша жоғары марапаттарға ие болды.