Шымкентте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Қалдыбек Құрманәлінің 60 жылдық мерейтойына арналған дөңгелек үстел өтті. Басқосу барысында композитордың өнердегі жолы, шығармашылық мұрасы мен тұлғалық болмысы жайында кеңінен әңгіме өрбіді.
Қалдыбек Құрманәлі 1966 жылы 13 мамырда Түркістан облысы, Бәйдібек ауданына қарасты Тасқұдық ауылында дүниеге келген. Ол – қазақ эстрадасында кеңінен танылған «Қариялар азайып бара жатыр», «Ән-арман», «Кірмеші жиі түсіме» секілді танымал әндердің авторы. Қазақ ән өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан композитордың шығармашылығы – ұлт руханиятының ажырамас бөлігі.
Композитордың шығармаларын Роза Рымбаева, Мәдина Ералиева, Мақпал Жүнісова, Майра Ілиясова, Сәкен Қалымов, Тамара Асар, Димаш Құдайберген және өзге де өнер майталмандары орындап жүр.
Іс-шара барысында композитордың шығармашылығы мен қазақ мәдениетіне қосқан үлесі жан-жақты талқыланды. Жиында қоғам қайраткерінің саналы ғұмырын Шәмші Қалдаяқов, Әбілахат Еспаев, Әсет Бейсеуов, Мәдина Ералиева сынды тарихи тұлғалардың шығармашылығын зерттеп, насихаттауға арнағаны айтылды.