Шымкенттік кәсіпкерлер 260 миллион теңгеден қағылған. Бизнес иелері сыртқы жарнама үшін негізсіз ақы төлеген. Олқылықтарға байланысты жүргізілген арнайы тексеру нәтижесінде прокурорлар заңсыз өндірілген төлемақыны қайтарды. Нәтижесінде 2500-ден астам жеке тұлғаның құқығы қорғалды. Осы және өзге де мәселелер «Атамекен» палатасының дөңгелек үстелінде кеңінен талқыланды.


Шымкенттік кәсіпкерлер негізсіз шығынға батқанына наразы. Осыған орай Кәсіпкерлер палатасында бизнес өкілдері мен прокурорлардың қатысуымен жиын өтті. Құқық қорғау органдары тиісті тексеру жұмыстарын жүргізіп, сыртқы жарнама үшін негізсіз төлем алынғанын анықтады.


БАТЫР ЕРГЕШОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ПРОКУРАТУРАСЫ БАСҚАРМА БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Біз қайтарған қаражат кәсіпкерлердің салық органдарындағы дербес шотында тұр. Кәсіпкерлер оны банк шотына қайтара алады. Немесе басқа салық төлемдеріне аудара алады.


 Кезекті мәселенің бірі — әлеуметтік маңызы бар тауар өндірушілерге берілетін жеңілдік жайы болды. Мамандардың айтуынша, жеңілдік тетігі 2017 жылы бекітілген. Алайда содан бері бұл норма іс жүзінде қолданылмаған.


БАТЫР ЕРГЕШОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ПРОКУРАТУРАСЫ БАСҚАРМА БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Негізі бұл норма 2017 жылы қабылданған. Бірақ іске асыру барысында осы бұзушылықты анықтадық. Қазір оны қолданып жатырмыз. — Яғни заң бұзушылықты анықтадыңыздар ғой? — Иә, анықтап, талдап, прокурорлық қадағалау актісін енгіздік. Бұзушылық жойылып, кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.


Қадағалау органының араласуынан кейін электр энергиясының құны қайта есептелді. Енді өндіріс иелері үшін тариф 41 теңгенің орнына жеңілдікпен 34 теңге 3 тиын болып бекітілді. Бұл қадам өндіріс шығынын азайтып, нарықтағы бағаны тұрақтандыруға септігін тигізбек.