Елімізде негізгі ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Биылғы сынақ науқаны 10 шілдеге дейін жалғасады деп жоспарланған. Білім додасына қатысуға 240 мыңға жуық талапкер ниет білдіріп отыр. Ал бүгін Шымкентте түлектердің алғашқы легі тестілеуге кірісті. Толығырақ тілші тарқатады.


АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Бүгін – білім шыңын бетке алған талай жастың бабы мен бағы сыналатын сәт. Сағат 08:30-да Шымкент қаласындағы 4 пунктте ҰБТ басталды. Шәкірттердің жүзінен қобалжу байқалады. Әдеттегідей, адал бәсеке мен ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында қауіпсіздік шаралары барынша күшейтіліп, әрбір талапкер қатаң тексерістен өтті. Ережеге сай, ұялы телефон, шпаргалка және өзге де тыйым салынған заттар кіреберісте қалдырылды. Биыл сынақ тәртібінде ешқандай өзгеріс жоқ. Талапкерлерге 5 пән бойынша 4 сағат уақыт беріледі.


 НҰРПЕЙІС ИСАБАЙ, «ҰЛТТЫҚ ТЕСТІЛЕУ ОРТАЛЫҒЫ» ШЖҚ РМК ТЕСТІЛЕУ АДМИНИСТРАТОРЛАРЫ ТОБЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ
«Жалпы Шымкентте 4 тестілеу орталығы жұмыс істеп тұр. 664-аймақтық пунктінде бірінші лекте 122 түлек тест тапсырады, екінші лекте 129 түлек тапсырады. Талапкерлер тестілеуге дейін түсіндірме жұмыстарынан өтеді. Тыйым салынған заттар арнайы шкафта қалдырылады. Әзірге ережені бұзған оқушылар тіркелген жоқ.»


 Мамандардың айтуынша, ҰБТ өткізу барысында барлық қауіпсіздік талаптары сақталған. Еліміз бойынша тест тапсырушылардың 74 пайызы қазақ тілін таңдаса, 26 пайызға жуығы орыс тілінде бақ сынайды. Ал 851 талапкер ағылшын тілінде тапсыруға өтініш берген. Қазіргі таңда тестілеу орталықтарында тиісті бақылау шаралары күшейтілді.