Тәртіп сақшыларының мәліметінше, биыл мегаполисте 634 алаяқтық дерегі тіркелген. Оның басым бөлігі интернет арқылы жасалған. Ең көп таралған тәсіл – банк немесе құқық қорғау органдарының атын жамылып алдау. Жыл басынан бері осындай 91 дерек анықталып, тұрғындарға келтірілген шығын көлемі 300 миллион теңгеден асқан. Тақырыпты Қанат Жолдасбек тарқатады.


Алаяқтар Темур Пактың WhatsApp-тағы аккаунтын бұзып, таныстарынан ақша сұраған. Жалған банк картасының деректерін жіберіп, қаржы аударуды өтінген. Таныс нөмірден келген хабарламаға сенген достары күдіктенбей көмек көрсеткен.


 – «Kaspi-мен жібердім дейді, реквизит жіберген соң. Сосын тағы екінші рет сұрады дейді.»  «Басқа адамнан сұрап, жалынғанша сенен алайын деп едім. Менде бәрі қолма-қол ақша, картаға салған соң бәрін аударып жіберемін. Ренжіме, сенен басқа адамым жоқ деген.»


 Мектепте мұғалім болып жұмыс істейтін оның телефон тізімінде 3 мыңға жуық нөмір бар. Алаяқ олардың барлығына дерлік хабарлама жолдаған. Таңертең басталған жағдайды Темур тек түстен кейін бір-ақ байқаған. Дереу банк картасын бұғаттап, WhatsApp-тағы аккаунтын өшірген. Дегенмен осы уақыт аралығында алаяқ 10-нан астам адамнан ақша алып үлгерген.


 ТЕМУР ПАК, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
«Біреуге менің атымнан “балам күйіп қалды” деп жазған. Меніңше, балаларым күмәнді сілтемені ашып қойған болуы мүмкін.»


 Темурдың сөзін мамандар да растайды. Айтуларынша, алаяқтар көбіне күмәнді сілтемелерді таратады. Оны ашқан жағдайда, олар әлеуметтік желідегі аккаунттарыңызға қол жеткізуі мүмкін.


 МҰХИТ КЕМЕЛОВ, ҚАЛАЛЫҚ ЦИФРЛАНДЫРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
«Баптаулар бөлімінде “Байланыстырылған құрылғылар” деген бөлім бар. Сол жерден аккаунтқа қосылған құрылғыларды тексеруге болады. Бейтаныс құрылғы анықталса, оны бірден өшіру қажет.»


Тағы бір қауіпті тәсіл – алаяқтардың өздерін банк қызметкері немесе полиция қызметкері ретінде таныстырып, бейнеқоңырау арқылы сөйлесуі. Осылайша олар азаматтардың жеке деректеріне қол жеткізуге тырысады.


 МҰХИТ КЕМЕЛОВ, ҚАЛАЛЫҚ ЦИФРЛАНДЫРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
«Осы деректер арқылы eGov жүйесінде электронды цифрлық қолтаңба рәсімдеп, несие алуы мүмкін.»


Кейіпкеріміз полицияға арыз жазған. Алайда әзірге күдіктілер анықталмаған. Себебі алаяқтар көбіне шетелден әрекет етіп, ізін жасырады. Сондықтан мамандар күмәнді сілтемелерді ашпауға және жеке мәліметтерді бөгде адамдарға бермеуге кеңес береді.