Түлкібас ауданында белгілі ғалым, абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлын еске алу кеші өтті. Ұлт руханиятының абызына арнап ас берілді. Кеш аясында жергілікті жұрт өңірге ерен еңбегі сіңген Орынбай Айтбайұлы мен Шынар ананы еске алып, құран бағыштады. Сондай-ақ «Түркібасы – айбыным, «Шынар бастау» – айдыным» тақырыбында республикалық жастар шығармашылық байқауы ұйымдастырылды.
Алдымен ғалым жерленген «Шілтөбе – Мекемтас биігінде» құран бағышталды. Киелі орын елге тұтқа болған тұлғалардың рухына тағзым ететін, тағылымдық мәні зор мекенге айналған. Мұнда Мекемтас Мырзахметұлының ғылым мен мәдениетке қосқан үлесін танытатын жұмыс үстелі мен тұтынған заттары қойылған. Қазір бұл төбе Қазақстанның киелі орындарының қатарына енген.
Одан кейін іс-шара Көксағыз ауылындағы «Айтбай ата» мешітінде жалғасты. Мұнда ғалым рухына құран бағышталып, ас берілді. Көзін көрген замандастары жылы естеліктерімен бөлісіп, Мекемтас Мырзахметұлының ғылыми мұрасын насихаттады. Жиында Абайдың «толық адам» ілімі де кеңінен сөз болды.
Айта кетейік, еске алу кешін ұйымдастыруға Қазақстан кәсіпкерлері сыртқы экономикалық қызмет және инвестициялар қауымдастығы мен Шерхан Мұртаза атындағы қайырымдылық қоры ұйытқы болған. Игі шара Мекемтас Мырзахметұлының туған күніне және 9 мамыр – Жеңіс күніне орай өткізілді.
Іс-шара аясында Шынарбастау демалыс аймағында өткен «Түркібасы – айбыным, «Шынар бастау» – айдыным» атты республикалық жастар шығармашылық байқауы қорытындыланды. Оған еліміздің әр өңірінен 80-нен астам мектеп оқушысы қатысып, бақ сынады. Жеңімпаздарға қаржылай сыйлықтар табысталды.
Ұлт руханиятының абызы Мекемтас Мырзахметұлы абайтану, бауыржантану, мұхтартану, яссауитану бағыттарында және Абай поэзиясына қатысты көптеген құнды еңбек жазған. Ғалым ұлтқа қызмет еткен тұлғалардың мұрасын жинақтап, жүйелеп, кейінгі ұрпаққа рухани мирас етіп қалдырды.