Шымкентте құмай тазылар арасында республикалық ашық біріншілік өтті. Ұлттық спорт пен ата дәстүрді ұлықтауға бағытталған іс-шараның басты мақсаты – қазақтың қастерлі мұрасы саналатын тазы тұқымын насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және жастардың ұлттық рухын нығайту.
ЕРБОЛ БАЙҚОНЫСОВ, AMANAT ПАРТИЯСЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Бұл — халқымыздың көне саятшылық дәстүрін жаңғыртып, ұлт руханиятын дәріптейтін тағылымы мол іс-шара. Қазақ халқы үшін тазы — жеті қазынаның бірі. Сондықтан осындай жарыстар ұлттық мұраны кейінгі ұрпаққа танытып, жастарды ата дәстүрді құрметтеуге тәрбиелейді. Мемлекет тарапынан да бұл бағытқа айрықша мән беріліп отыр.
Жарысқа еліміздің 18 өңірінен келген 36 құмай тазы қатысып, 500 метр қашықтықта бақ сынады. Сайыс барысында жүйріктігімен, алғырлығымен ерекшеленген тазылар көрермендердің ерекше ықыласына бөленді. Нәтижесінде мәреге алғаш жеткен үздіктер анықталып, жеңімпаздарға қаржылай сыйақылар, кубоктар мен арнайы медальдар табысталды.
Сайысқа қатысушылардың ең жасы – 10 да. Алматылық ару Айша «Көкжал» атты тазын бәйгеге қосқан. Жүйрік жануар шашасына шаң жұқтырмай алдыңғы шептен көріне білді.
Бұл күні тазылардың тек шапшаңдығы ғана емес, олардың сыртқы келбеті мен ұлттық нақыштағы сән-салтанаты да назардан тыс қалмады. Арнайы номинациялар бойынша «Сұлу тазы», «Үздік ұлттық киім» және «Ең жас баптаушы» аталымдары тағайындалып, жеңімпаздарға арнайы марапаттар табысталды.