Шымкент қаласында көктем маусымының ең жарқын мәдени кештерінің бірі өтті. Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда қала тұрғындары мен қонақтарына «DALA SOUND» атты ұлттық дәстүр мен заманауи музыканы тоғыстырған ерекше кеш ұсынылды.
Ашық аспан астында ұйымдастырылған жаңа форматтағы жоба аясында бір сахнада өнер ордасына қарасты «SHAUGAR» этно-ансамблі мен камералық оркестр өнер көрсетті. Бұл шығармашылық үндестік дәстүрлі әуендер мен камералық музыканың нәзік үйлесімін ұсынып, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Концерт барысында қазақ композиторларының шығармалары, халық күйлері және заманауи этно-композициялар орындалып, ұлттық өнердің жаңа тынысын сезіндірген музыкалық кешке айналды. Аталған жобаның авторы – филармония директорының орынбасары Қуатбек Тортаев. Ол мұндай форматтағы ерекше кештер алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті.