Қоғамда алып қашу фактілері әлі де кездеседі. Оны салт-дәстүр деп ақтайтындар да, қылмыс деп бағалайтындар да бар. Мамандардың айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырап, шаңырағы шайқалған әйелдердің бір бөлігі дәл осы алып қашу арқылы отбасын құрғандар. Тақырыпты тілші тарқатады.


 ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Бұл – дағдарыс орталығы. Көбіне дәл осы есікке келіп, көмек сұрайтындар – тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер. Күйеуінен қорлық көріп, барар жер, басар тауы қалмаған аналар осында паналайды. Қазір мұнда баласын жетектеген 10-ға жуық ана бар. Өткен жылы 93 әйел, ал жыл басынан бері 44 ана келген. Орталық қызметкерлерінің айтуынша, олардың басым бөлігі – алып қашу құрбандары.


ҒАЛИЯ МУТАЛИЕВА, №3 ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕР КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
– «10 ананың 5–6-сы алып қашу құрбаны болып саналады.» «Зорлық-зомбылық бойынша келетін әйелдердің басым бөлігі алып қашу құрбандары деп айтуға болады. Сүйіп қосылмағандықтан ондай отбасы, әрине, берік болмайды.»

Қоғам жаңарып, көзқарас өзгеріп жатқанымен, адам тағдырын ойыншық ету – өткеннің сарқыншағы ғана емес, әлеуметтік мәселе. Осы ретте біз тұрғындар арасында сауалнама жүргіздік. Бірі бұл құбылысты құп көрсе, енді бірі үзілді-кесілді қарсы.


 – «Жақсы көзқарастамын.» «Қазіргі заманда болмайды, қарсымын.»  «Мен оған қарсымын. Өзімнің де қыздарым өсіп келеді. Ата-анамен келісіп қосылғаны дұрыс деп ойлаймын.» «Қарсымын. Ол дұрыс емес.»


Заңнамаға сәйкес, келісімсіз алып қашу – қылмыстық жауапкершілікке жатады. Мұндай әрекет жасағандар 2 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы немесе 20 миллион теңгеге дейін айыппұл төлеуі мүмкін. Тәртіп сақшылары алып қашу – дәстүр емес, заң бұзу екенін ескертеді.