Солтүстік өңірлерге көшіп барған азаматтарға ауқымды қаржылық және әлеуметтік қолдау қарастырылған. Әр қоныс аударушыға 300 мың теңгеден астам біржолғы көмек көрсетіліп, ай сайынғы тұрғын үй жалдау шығындары өтеледі. Сонымен қатар жұмысқа орналасуға қолдау көрсетіліп, 7 млн теңгеге дейін тұрғын үй сатып алуға сертификат беріледі.


 Біржолғы төлем әр отбасы мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде қарастырылған. Яғни бір адамға 302 750 теңге төленеді. Қатысушыларға тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызмет шығындары да өтеледі. Бұл жолы қоныс аударушылар Шығыс Қазақстан облысына жол тартпақ. Бірі Алтай өңірін мекендеуді көздесе, енді бірі Катонқарағай ауданында жеке кәсібін бастағысы келеді.


 САМАТ ТҰРЫМБЕТОВ, ҚОНЫС АУДАРУШЫ
Қалаға келген делегация арқылы және әлеуметтік желіден білдік. Делегация мүшелерімен кездесіп, құдай қаласа барып көреміз. Ұнап жатса, сол жақта қалуға тырысамыз. Бала-шағамен де ақылдастық. Олар да «Сіздер қайда болсаңыздар, біз де сондамыз» деп отыр. Алдымен 21 адам барған. Екеуі де фельдшер мамандары. Олар да сол жақта жұмыс жасайды.


 ӘЛИЯ ТӘУЕКЕЛ, ҚОНЫС АУДАРУШЫ
 Бір ұлым бар. Екеуміз қоныс аудармақшымыз. Катонқарағай ауданындағы Бөрелі ауылына баруды жоспарлап отырмыз. Ол жақта кәсібімізді ашып, кәсіппен айналыссақ деймін. Жарты өмірімді мемлекеттік қызметте өткіздім. Енді өз кәсібімді ашып, өзіме жұмыс жасағым келеді. Ол жақтағы үй дайын. Үй иесімен де, ауыл әкімімен де сөйлесіп қойғанмын. Барлығы келісілген.


 Бағдарлама тек қаржылай көмектен тұрмайды. Қатысушыларға жұмыс орындары ұсынылып, қажет болған жағдайда кәсіби оқыту ұйымдастырылады. Сондай-ақ шағын несие беру арқылы жеке кәсіп бастауға мүмкіндік қарастырылған. Бұдан бөлек, қоныс аударушылар мен қандастарға тұрғын үй сатып алу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты беріледі.


 ЖАҢАБАЙ АҒАБЕКОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ
 Қазіргі таңда азаматтарды Шығыс Қазақстан облысына алып барып жатырмыз. Бұған дейін Сарыағашта, Сайрамда, Түркістанда жәрмеңке өткіздік. Сондай-ақ Шымкент қаласында да ұйымдастырдық. Ниет білдірген азаматтарды Шығыс Қазақстан облысына апарып, сол жерге жайғастыруға атсалысамыз. Олар 7 млн теңгеге дейін тұрғын үй сертификатын алады. Сонымен қатар 306 мың теңге көлемінде көшу субсидиясы беріледі. Ал кәсіп ашамын дегендерге облыстық және республикалық бюджеттен 3 млн теңгеге жуық грант қарастырылған.


 Қазіргі таңда еліміздің 7 облысына көші-қон ұйымдастыру бойынша квота бөлінген. Биыл 2000 адамды Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарына көшіру жоспарланып отыр. Айта кетейік, 2025 жылы Шымкенттен 700-ге жуық адам еңбек күші тапшы өңірлерге қоныс аударған. Олардың басым бөлігі Павлодар облысын таңдаған.