Астанадағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Түркістан облысындағы бейнелеу өнері мектебінің негізін қалаушы, КСРО Суретшілер одағының мүшесі, көрнекті қылқалам шебері Ғани Иляевтің 110 жылдығына арналған «Қазығұрт туралы аңыз – КЕМЕ» атты Түркістан облысы суретшілерінің топтық шығармашылық көрмесінің салтанатты ашылуы өтті.
Ғани Иляев – Түркістан облысындағы бейнелеу өнері мектебінің негізін қалаушы. Ол суретші ғана емес, ұлттық ою-өрнектің зерттеушісі болды. Қылқалам шебері 5 мыңнан астам туындының авторы және 15 мыңға жуық ою-өрнек үлгісін жасап кеткен. Кілем, сырмақ, алаша, басқұрларда қазақтың тұрмысы, дүниетанымы мен болмысы көрініс тапқан. Шебердің туындылары бүгінде ұлттық өнердің баға жетпес қазынасына айналды.
Көрменің басты мақсаты – қазақ бейнелеу өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Ғани Иляевтің бай шығармашылық мұрасын ұлықтау, сондай-ақ Қазығұрттың тарихи-мәдени болмысын өнер тілі арқылы кеңінен насихаттау. Экспозиция аясында Түркістан өңірі суретшілерінің Қазығұрт аңызы мен ұлттық руханиятты арқау еткен көркем туындылары көпшілік назарына ұсынылды.
Шара соңында қонақтар көрмені тамашалап, қылқалам шеберлерінің туындылары арқылы Қазығұрт туралы көне аңыздың көркем бейнесімен танысты. Көрме ұлттық өнердің сабақтастығын дәріптеп, келушілерге ерекше рухани әсер сыйлады. «Қазығұрт туралы аңыз – КЕМЕ» көрмесі 25 маусымға дейін жалғасады.