Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы жаңа оқу жылына құжат қабылдауды бастады. Бүгін үшінші мегаполисте академия ашық есік күнін ұйымдастырып, бағдарлама түлектерінің басын қосты. Жиында магистратура мен докторантураға түсудің жаңа талаптары мен білім беру бағдарламаларының артықшылықтары таныстырылды.
Мемлекеттік басқару академиясы – еліміздің саяси-әлеуметтік дамуына тың серпін беретін мамандарды даярлайтын бірегей орталық. Білім ордасында мемлекеттік қызметшілер кәсіби құзыреттілігін шыңдай алады. Академиядан түлеп ұшқан түлектердің қатарында Шымкент қалалық цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемелов те бар. 2017 жылы арнайы іріктеуден өтіп, Мемлекеттік басқару академиясына қабылданған маман екі жыл бойы магистратурада білім алды. Бүгінде ол оқу барысында қалыптасқан кәсіби қабілетін еліміздің цифрлық кеңістігін жетілдіру жолында ұтымды қолданып келеді.
МҰХИТ КЕМЕЛОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ЦИФРЛАНДЫРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Мен бұл академияда магистратурада білім алдым.Арнайы іріктеуден өттім.Академияның кез-келген білім алушыға берері мол.Мұнда тәжірибе мен теорияны ұштастыра отырып, өзіңе қажет дағдыны қалыптастыра аласың.
Шара барысында қабылдау комиссиясының өкілдері үміткерлерге іріктеу кезеңдері, гранттарды бөлу тәртібі және оқу үдерісіндегі цифрлық инновациялар жайлы ақпарат берді. Қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдарда басшылық лауазым атқарып жүрген түлектер Академияда алған білімдерінің маңызына тоқталып, кәсіби тәжірибелерімен бөлісті.
ӘДІЛЕТ НЫСАНБАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ АКАДЕМИЯСЫ ШҚ БОЙЫНША ФИЛИАЛ ДИРЕКТОРЫ
Бұл жылғы оқу жылына құжат қабылдау басталған.Екі ай көлемінде жүргізіледі.Біз осы аралықта мемлекеттік органдарды аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік.Бүгін біз квазисектордағы, жергілікті атқарушы органдардағы азаматтарды жинап, бұл туралы толық ақпарат бермекпіз.
Айта кетейік, Академия тек отандық емес, халықаралық деңгейдегі білім стандарттарына да басымдық береді. Оқу орны әлемнің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатып, магистранттар мен докторанттарға шетелдерде тағылымдамадан өтуге әрі халықаралық қос дипломды бағдарламалар бойынша білім алуға жол ашып отыр.