Бүгін Шымкентте отбасы құндылықтарын дәріптеп, халқымыздың ұмыт бола бастаған әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін жаңғыртуға арналған «Есті ене, көргенді келін» байқауы ұйымдастырылды. Дәстүрлі түрде өткен сайысқа қаланың бес ауданынан келген әжелер мен келіндер қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.
Қоғамның берекесі – отбасынан, ал шаңырақтың шырайы – татулықтан бастау алады. Ұрпақ тәрбиесінде аналардың даналығы мен келіндердің ибалығы – отбасының алтын қазығы саналады. Бүгінгі байқауға қатысқан Қамбаровтар әулеті де осындай құндылықтарды насихаттап жүр. Алғаш рет бақ сынап жатқан қатысушылардың басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды ұлықтап, ене мен келін арасындағы сыйластықты дәріптеу.
САБИРА БАЙЗАҚОВА, ҚАТЫСУШЫ
Байқауға қатысу туралы ұсынысты енеме өзім айттым. Алғаш рет қатысып жатырмыз. Он бес жылдан бері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеміз. Енем мені әрдайым қолдайды. Бүгін қайынсіңілім де байқауға қатысып жатыр. Бағымызды сынап көреміз.
Байқау төрт кезеңнен тұрды. «Таныстыру» бөлімінде сайыскерлер отбасы құндылықтарын насихаттаса, «Ізет – инабаттылық айнасы» кезеңінде сыйластықтың үлгісін көрсетті. Ал «Ананың аманаты – ұрпаққа мұра» бөлімінде ұршық иіріп, жүн түтіп, шеберліктерін паш етті. Сайыс соңында қатысушылар этностильдегі киім үлгілерін ұсынды.
ЖҰМАБАЙ ӘБДІЛОВ, ҚАЛАЛЫҚ ӘДЕТ-ҒҰРЫП ЖӘНЕ САЛТ-ДӘСТҮР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Соңғы кезде қазақтың кейбір салт-дәстүрлері ұмытылып бара жатыр. Бүгінгі байқауға орай арнайы көрме ұйымдастырдық. Мұнда қатысушылар ұлттық құндылықтармен танысып, шеберлік сабақтарына қатыса алады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар отбасылық құндылықтарды нығайтуға ықпал етеді. Салт-дәстүрді дәріптеу арқылы ұлттық болмысты сақтап, ұрпақ сабақтастығын жалғастыру – бүгінгі қоғам үшін аса маңызды.