Қазақстанда шегіртке тектес зиянкестердің 270-тен аса түрі бар. Оның ішіндегі ең қауіптісі – марокко шегірткесі. Бұл – ауыл шаруашылығына орасан зиян келтіретін аса қауіпті үйірлі шегіртке түрлерінің бірі. Жәндіктер 1 шаршы метр аумақта 200-300-ге дейін шоғырланып жүреді.
Уақытында анықталып, тиісті шаралар қабылданбаса, зиянкестер егістікті, жайылымды, жоңышқаны және өзге де ауыл шаруашылығы дақылдарын жайпап жейді. Шаруаларды шығынға батырады. Зиянкестермен күресті үйлестіру мақсатында облыс аумағында 2 штаб құрылған. Оның бірі – Арыс қаласында, екіншісі – Келес ауданында орналасқан. Штаб жұмысына облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков жетекшілік етеді. Негізгі мақсат – Болжам орталығы ұсынған аймақтарда химиялық өңдеу жұмыстарының талапқа сай жүргізілуін қамтамасыз ету. Қазір штаб тарапынан 65 сектордағы жағдай күнделікті бақыланады. Химиялық препараттардың қажетті мөлшерде уақытылы жеткізіліп, мақсатты пайдаланылуы қадағаланады. Өңделген аумақтарды мобильді топтар тексеріп, нәтижесін штаб төрағасына баяндап отырады. Әкімдік мәліметінше, облыстың 10 ауданында жалпы 287,8 мың гектар жер өңделген. Жұмысқа 168 арнайы техника, 27 су тасығыш көлік және мыңға жуық анықтаушы жұмылдырылған.