Шығыстағы студенттер Chevrolet Cobalt көлігін құрастырып, табыс тауып жүр. Шәкірттер сабақтан тыс уақытта өндіріс орындарында теориялық білімін тәжірибе жүзінде шыңдайды. Семейдегі Дәулет Серікбаев атындағы университетке оқуға түсу де оңай. Шекті балл жинаған талапкерлерге мемлекеттік грант ұсынылады.


Дәулет Серікбаев атындағы техникалық университет аспан асты елімен серіктестік орнатқан. Оқу орны қабырғасында қытайлық «Любань» шеберханасы ашылған. Онда студенттерге машина жасау өндірісі үйретіледі. Дуальді жүйе арқылы үздік шәкірттер зауыттарға барып, теорияны тәжірибемен ұштастырады. Еңбегі үшін шәкіртақыдан бөлек жалақы да алады.


АНАСЫР МЕЙРАШЕВ, ЛУ БАНЬ ШЕБЕРХАНАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
– «3-4 курс студенттер оқу барысында өздерін жақсы жағынан көрсетсе білсе, алур компаниясы оларды маман ретінде алып кетеді. Ол жақта олар оқумен қатар жұмыс істеп, кобальт көліктерін құрастырады.»

Өткен жылы аталған оқу орнына Оңтүстіктен 300-ге жуық талапкер оқуға түскен. Соның бірі – Cаламат Шоқаев. Арыс қаласының тумасы. Айтуынша, Дәулет Серікбаев университеті студенттерді жатақханамен толық қамтамасыз еткен. Күнделікті тұрмысқа қажетті барлық жағдай қарастырылған.


САЛАМАТ ШОҚАЕВ, Д.СЕРІКБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ
– «Біздің жатақханада оңтүстіктен келген студенттерге.«50 пайыз жеңілдік қарастырылған.»  «Біз сабақта үйренгенімізді іс жүзінде қолдана аламыз.»  «Ол үшін арнайы мүмкіндіктер қарастырылған.»

Бүгінде университет қабырғасында 6000-нан аса студент білім алады. Оның 3000-ы мемлекеттік грант негізінде оқиды. Оқу орны қызметкерлерінің айтуынша, тестілеуден шекті балл жинаған талапкерлер тегін оқу мүмкіндігін пайдалана алады.


 ӘСЕЛ ДАУЫЛБАЕВА, Д. СЕРІКБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҚАБЫЛДАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ЖАУАПТЫ ХАТШЫСЫ
 – «Жалпы, бізге жыл сайын гранд көп бөлінеді.»  «Студенттеріміз оқу барысында академиялық ұтқырлық арқылы шетелдерде білімін жетілдіріп келе алады.»

Тамыры тереңге жайылған оқу орнының тарихы да бай. 1958 жылы ашылған білім ордасы техникалық және экономикалық бағытта маман даярлайды. Түлектері бүгінде ел ісіне араласып, халық игілігі жолында еңбек етіп жүр.