Әл-Фараби ауданында аулаішілік жолдарға асфальт төселіп, аяқжолдар салынуда. Биыл 100 мекенжайды қалыпқа келтіру жоспарланған. Сонымен қатар жауын-шашын салдарын болдырмау мақсатында жыл соңына дейін 30 көшеге ирригациялық арық жүйесі жүргізіледі. Жалпы ауданның басым бөлігі қаланың орталық бөлігінде орналасқандықтан, инфрақұрылым мәселесі кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді.


«Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 38 балалар ойын алаңшасы мен 2 спорт алаңшасының құрылысы жүргізілді. Ал биыл аталған жоба аясында 45 аулада абаттандыру жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қазіргі таңда 5 аулада жұмыс басталды. Сонымен қатар аулалар мен көшелерді жарықтандыру жұмыстары да қарқын алған.


МАРАТБЕК МЫҚТЫБЕКОВ, ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
 Әл-Фараби ауданы аумағында 2025 жылы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан 175 көше жарықтандырылды. Биыл қосымша 36 тұйық көшеге жарықшам бағаналарын орнату мақсатында басқармаға ұсыныс енгізілді. Сонымен қатар аудан аумағындағы аулаларға 500 жарықшам бағанасын орнату үшін «Әл-Фараби» КММ тарапынан бюджеттік өтінім берілді. Қазіргі таңда мердігер мекемені анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілуде.


Сондай-ақ аудан аумағында саябақтар мен аллеялар салынып, көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттері жарықтандырылуда. 2025 жылы 21 тұрғын үйге сәндік жарық шамдары орнатылса, биыл тағы 29 үйге жарықтандыру элементтері қойылады.


МАРАТБЕК МЫҚТЫБЕКОВ, ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
2025 жылы тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасы аясында 18 көппәтерлі тұрғын үй жөндеуден өтуде. Бүгінде 9 үйде жөндеу жұмыстары аяқталып, қалған 9 тұрғын үйде жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Реновация жобасы аясында биыл 4 мекенжайда құрылыс жұмыстары қолға алынған. Атап айтқанда, Елшібек батыр көшесіндегі №91 және №93 үйлерде, Төле би көшесіндегі №37 үйде және Ж. Әлімқұлов көшесіндегі №34 үйде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 2029 жылға дейін 28 апатты әрі тозығы жеткен көпқабатты тұрғын үй бұзылып, 235 меншік иесін жаңа баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.


Қазіргі таңда қала базарларында да жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бірқатар сауда орындарының келбеті өзгеріп, қалаға көрік беруде. Мұндай жұмыстар «Назым апа», «Көктем» және Орталық қырғы базарында жалғасып жатыр. Сонымен қатар заңсыз салынған кәсіпкерлік нысандар сүріліп, ғимараттардың бастапқы келбеті қалпына келтірілуде.