Шымкент қаласы бойынша уақ малды тоғыту және ірі қара малға дәрі бүрку жұмыстарының көктемгі кезеңі басталды. Тиісті жұмыс аясында 77 мың бас қой-ешкі және 75 мың ірі қараны қамту жоспарланған.
Жоспарлы тоғыту шаралары ауыл шаруашылығы саласындағы ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкес, уақ малды зиянды сыртқы паразиттерден қорғау мақсатында ұйымдастырылады. Бұл төрт түліктің саулығын сақтау және малдан адамға жұғатын аурулардың алдын алуда аса маңызды. Малды тоғыту барысында арнайы залалсыздандыру ерітінділері қолданылып, төрт түлік толық өңдеуден өткізіледі. Осы орайда мал иелеріне ветеринариялық мамандардың нұсқауларын қатаң сақтау ұсынылады. Қосымша ақпарат алу және залалсыздандыру жұмыстарына өтініш беру үшін 45-05-05, 45-05-22 нөмірлеріне немесе 109 бірыңғай байланыс орталығына хабарласуға болады.