Шымкент қаласында табысы төмен азаматтарға кешенді әлеуметтік қолдау көрсетілуде. Қазіргі таңда атаулы әлеуметтік көмек 1 615 отбасындағы 8 290 адамға тағайындалған. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 5 158 отбасындағы 27 238 адамды құраған.


 Атаулы әлеуметтік көмектің негізгі мақсаты – азаматтарды жұмыспен қамту шараларына тарту. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде көмек алушылар саны өткен жылмен салыстырғанда 63 пайызға азайды. Қазіргі таңда көмек алушылар қатарында еңбекке қабілетті 868 азамат бар. Оның ішінде 638 адамның жұмысы бар екені анықталған. Ақшалай төлеммен қатар, оларға жұмыспен қамтудың белсенді шаралары ұсынылады. Атап айтқанда, тұрақты жұмысқа орналастыру, оқуға жолдау, қоғамдық жұмыстар мен жастар практикасына қатыстыру, сондай-ақ қайтарымсыз гранттар арқылы кәсіпкерлікке баулу қарастырылған. Нәтижелі жұмыспен қамтудың белсенді шаралары аясында АӘК алушылардың 162-сі жұмыспен қамту бағдарламаларына тартылды. Оның ішінде 150 адам тұрақты жұмысқа орналастырылса, 6 адам қоғамдық жұмыстарға жіберілді. Тағы 6 азамат қайта даярлау курстарына жолданған. Айта кетейік, атаулы әлеуметтік көмек – жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен төмен отбасыларға уақытша қаржылай қолдау көрсету мақсатында берілетін мемлекеттік көмек. 2025 жылдың IV тоқсанына Шымкент қаласында кедейлік шегі 40 683 теңге болып белгіленген.