Бүгінде отау тігу оңай болғанымен, отбасының отын өшірмей, берекесін сақтап қалу – үлкен жауапкершілікті талап етеді. Дегенмен, бұл мәселе көптің көңілін көншітпей тұр. Елімізде өткен жылдың өзінде 46 мыңға жуық жанұяның шаңырағы шайқалған. Қазақстан ажырасу бойынша әлемдік көрсеткіште алдыңғы қатарда тұр. Ұлт қасіретіне айналған дерт соңғы жылдары тіптен дендеп кетті. Себеп неде? Аружан Самидин зерттеп көрді.


 ГҮЛНҰР ЕСІМІ ӨЗГЕРТІЛГЕН
 Мені алып қашты.Көндім, қалдым.Елдің айтатын сөзі ол кезде мен үшін маңызды болды.Жолдасым ішкілікке салынды.Кешірім бердім.Ақырында шешімге келіп, ол үйден кеттім.


Осыдан жиырма жыл бұрын ақ босаға аттаған Гүлнұр қазір дағдарыс орталығын паналап жүр. Алып қашудың құрбанына айналған келіншектің төрт баласы бар. Шаңырақтың бар тауқыметін иығына арқалап, жанұясын жалғыз өзі асырап, жан бағып жүрген шақта - жолдасы ішкілікке салынып, жұбайын күні-түні ұрып-соғуды әдетке айналдырған. Жарты ғұмырын жарының оңалатынына сеніп өткізген келіншек бір түн ішінде батыл қадамға барып, балаларын бауырына басып, тыныштығы кеткен үйден қашып құтылыпты.


ГҮЛНҰР ЕСІМІ ӨЗГЕРТІЛГЕН
 Жолдасым ішімдікке салынып, мені күні-түні ұратын болды. Балаларым үшін бәріне шыдадым, бір күні түзелер деп сендім. Бірақ қорлық күшейген соң, бір түнде балаларымды алып кетуге мәжбүр болдым. Қазір ең бастысы – балаларымның амандығы мен тыныштығы.


 Мұнда келушілердің мұңы ортақ. Хикаясы сан алуан. Басым бөлігі тұрмыс тауқыметін тартып, жат түгілі жақынынан қорлық көрген, барар жер, басар тауы қалмаған қыз-келіншектер.


МАЛИКА ЖҮСІПОВА, ДАҒДАРЫС ОРТАЛЫҚТАРЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ
Бізге келетін әйелдердің тағдыры әртүрлі болғанымен, көбінің көргені – зорлық-зомбылық. Олар барар жері қалмай, соңғы үмітпен келеді. Мұнда уақытша баспана, психологиялық және құқықтық көмек көрсетеміз. Кейбірі кәсібін ашып, жаңа өмір бастап жатыр.


 АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
 Біз тұрған бұл  ауданаралық сотта күніне бірнеше тағдыр таразыға түседі. Талап-арыздардың себебі де сан қилы. Мамандардың айтуынша, жұптардың тең жартысы ортақ ымыраға келмей, ажырасып кетеді.


ФЕРУЗА БАЛТАЕВА, КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРДЫҢ ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТТЫҢ СУДЬЯСЫ
Отбасылық даулардың көбі ішімдік, құмар ойын, жауапсыздық салдарынан туындайды. Әр істің артында бала тағдыры тұрғанын ұмытпау керек. Сондықтан шешім қабылдағанда екі тарап та жауапкершілікті сезінуі тиіс. Біз ең алдымен кәмелетке толмағандардың құқығын қорғаймыз.


«Жолдасың қабағын түйіп, қырын қараса-ажырас» деп ақыл айтатын коучтар көбейді. Дендеген «дерттің» себептері де сан алуан. Күш көрсету, құмар ойынға салыну, опасыздық жасау, жауапкершіліктен қашу. Дегенмен, кейбір жеңіл-желпі кеңестерге еріп, шаңырақты шайқалту -мәселенің соңғы шешімі емес,-дейді психологтар.


АЛТЫНБЕК БОРАНБЕК, ПСИХОЛОГ
 Қазір «ред флаг, грин флаг» деген ұғым бар. Жастар кез-келген жерде қолдана беретін болған. Әлеуметтік желінің трендтеріне бойлап, керегін алып, керек емесін ысыру керек.


Іргесі сөгілген отбасыларды сақтап, ажырасудың белең алуына тоқтам қою үшін әлеуметтік жобалар қолға алынып жатыр. Бүгінде сот жанынан ашылған татуластыру орталықтары араздасқан жанұяға көмек беріп келеді. Мұнда неке бұзуға арыз беріп, тағдыры қыл үстінде тұрған жұптарға білікті медиаторлар кеңес береді.


САЛТАНАТ АБДУКАРИМОВА, «МАИДА» МЕДИАЦИЯ ЖӘНЕ ПСИХОЛОГИЯ ОРТАЛЫҒЫ» ҚБ ДИРЕКТОРЫ
Сот жанындағы татуластыру орталықтарына неке бұзуға арыз берген жұптар келеді. Біз екі тарапты тыңдап, ортақ келісімге келуге көмектесеміз. Кейбірі осы жерде татуласып жатады. Басты мақсат – жанжалды өршітпей, өркениетті шешім табу.


Ал дағдарыс орталығының табалдырығын аттаған жандар таң атқаннан қара кешке дейін тынымсыз еңбек етеді. Нәпақасын тауып, жаңа қонысқа қаражат жинақтайды. Кәсіп иесі атанып, еңсесін тіктеген келіншектер де бар көрінеді.


МАЛИКА ЖҮСІПОВА, ДАҒДАРЫС ОРТАЛЫҚТАРЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ
Ажырасу жұмыссыздықтан да болады.Мұндағы келіншектер жұмыс істеп, күндерін көріп, қаражат тауып жүр.Біз бұл бағытта да көмек береміз.


 АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Отбасы институты- ер мен әйел арасындағы неке ғана емес, ол-тұтас мемлекеттің іргетасы. Тойда тыңдап жүрген шаңырақ шайқалмасын деген тілек жақсы, бірақ сол шаңырақтың астында адам тағдыры аяққа тапталмауы тиіс.