«AMANAT» партиясының «TURGYNDAR AMANATY» жобасы аясында «Үйді басқару: жауапкершілік, сенім, нәтиже» тақырыбында форум өтті. Басқосуда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы өзекті мәселелерді шешу және инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ басқару органдары қызметінің ашықтығын арттыру және халықпен кері байланыс орнату жолдары да қаралды.
Форумға «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев, қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Болатбек Нәжметдинұлы, қалалық партия филиалының төрағасы Мұрат Жолдыхожаев, мәслихат депутаттары, департамент және басқарма басшылары, аудан әкімдері, жергілікті атқарушы орган өкілдері қатысты. Шаһар басшысы азаматтарды алаңдататын мәселелерді шешуге бағытталған тұрғын үй реформасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанын айтты.
ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
– «Әлеуметтік желілерде де үйге байланысты тұрғындардың өтініштері жеткізіліп отырады. Халық пен жауапты органдар тікелей байланыс орната алады.»
Форумда сөз сөйлеген «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев Шымкенттің қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Айтуынша, «TURGYNDAR AMANATY» жобасы мүлік иелері бірлестіктері мен пәтер иелері кооперативтерінің жұмысын жетілдіруге, тұрғындар мен басқарушы ұйымдар арасындағы өзара сенімді нығайтуға мүмкіндік береді.
ЕРЖАН ЖЫЛҚЫБАЕВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ
– «10 мыңға дейін үйлерді бақылап отырған КСК төрағалары бар. Қомақты қаражат жиналады. Бірақ оны тиімді басқару үшін біліктілік керек.» «Соның бәрін біз тегін фронт-офистерді құрып, заң консультацияларын жүргізу арқылы түсіндіреміз.»
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын басқарудың жаңа моделін қалыптастыру міндетін атап өткен болатын. Бұл реформалардың әрбір азаматтың өмір сапасына тікелей әсер ететінін айтқан қатысушылар тариф, абаттандыру, жарықтандыру, лифт, интернет және қауіпсіздік мәселелері жүйелі шешімді қажет ететінін жеткізді.
БОЛАТБЕК НӘЖМЕТДИНҰЛЫ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ
– «Басқа өңірлермен салыстырғанда Шымкенттегі жағдай өте жақсы. Бұл әкім мен оның командасының атқарып отырған жұмысы. Тек қана жаңа инфрақұрылым емес, бар үйлердің де жағдайы жасалып жатыр. Олардың қасбетін өңдеу, скверлер ашу, үйлердің аулаларын дұрыстау»– «Оны біз көріп-біліп отырмыз»
Жиында мүлік иелері бірлестіктері мен пәтер иелері кооперативтерінің өкілдері де сөз сөйлеп, тақырыпқа ой қосты.
ӘЛИЯ ЖӘНІБЕКОВА, ҮЙ ТӨРАЙЫМЫ
– «144 пәтер, 600-ге жуық тұрғынмен жұмыс істеймін. Бірде-бір рет сөзге келіп, келіспеушілік болған жоқ.»
Форумға қатысушылар тұрғын үй саласындағы қордаланған мәселелерді шешу бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың маңызына тоқталды. Көтерілген бастамалардың алдағы уақытта нақты нәтиже беретініне сенім білдірді. Форум соңында партия атынан бірқатар азаматтарға Алғыс хаттар табысталып, жаңа мүшелер «AMANAT» партиясының қатарына қабылданды.