Орталық Азия елдерінің кәсіподақ ұйымдары еңбек адамдарының құқықтарын қорғау мақсатында өзара ынтымақтастықты нығайтып келеді. Шымкентте өткен Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстан кәсіподақтарының кеңейтілген отырысында бірқатар мәселелер талқыланып, жаңа келісімдер жасалды.
Кеңестің негізгі мақсаты - халықаралық стандарттарға сай еңбек адамдарының құқықтары мен әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғау бағытындағы күш-жігерді біріктіру. Жиынға Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы, Өзбекстан кәсіподақтары федерациясының Ташкент облыстық кеңесі және Тәжікстанның Соғды облысы кәсіподақтар кеңесінің өкілдері қатысты.
БАУЫРЖАН ӘЛТЕЕВ, «ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ КӘСІПОДАҚТАР ОРТАЛЫҒЫ» АУМАҚТЫҚ КӘСІПОДАҚТАР БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
Біздің еліміздегі еңбек адамының құқығын қорғаушы бірде-бір қоғамдық бірлестік ол кәсіподақ болса, оның ынтымақтастығының белгісі бүгін үш елдің өкілдері Қазақстанда бас қосып отырмыз. Оның ішінде Шымқалада.
Кеңес барысында Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы мен Ташкент облысы кәсіподақтары арасында достық және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат 2026 жылға дейінгі және одан кейінгі кезеңдердегі бірлескен жұмыстарды айқындайды.
УТКИРБЕК РАШИДОВ, ӨЗБЕКСТАН КӘСІПОДАҚТАРЫ ФЕДЕРАЦИЯСЫ ТАШКЕНТ ОБЛЫСТЫҚ КЕҢЕСІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Меморандум 2026 және одан кейінгі жылдары атқарылуы тиіс жұмыстарды нақтылайды. Мақсат екі ел арасындағы достық қатынасты нығайтып, кәсіби байланысты дамыту. Екі ел мамандары өзара тәжірибе алмасып, біліктілік ұштайды.
Айта кетейік, Шымкентте 8 салалық, 7 жергілікті және 320 бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді. Оларға 60 мыңнан астам мүше біріктірілген.