Қала әкімі Өмірлік қиын жағдайға түскен адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығына барды. Бұл мекеме тұрақты тұрғылықты жері жоқ жандарға және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылып, пробация есебінде тұрған азаматтарға арнайы әлеуметтік қызмет көрсетеді.


 Жауапты тұлғаларға орталықтағы санитарлық талаптардың сақталуы мен қызмет алушылардың тұрмыс жағдайына бақылауды күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар қосымша корпус салу мәселесін пысықтау қажеттігін атап өтті. Бұл орталықтың мүмкіндігін кеңейтіп, әлеуметтік қызмет көрсету сапасын арттыруға жол ашады. Сондай-ақ қалалық №4 емханаға барып, мекеменің қазіргі қызметі және материалдық-техникалық жағдайымен танысты. Бөлімшелерді аралау барысында тұрғындарға көрсетілетін амбулаториялық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін медициналық қызмет түрлерін кеңейту және заманауи технологияларды енгізу қажет екенін атап өтті. Бұдан бөлек, «Мейірім» медициналық оңалту орталығында болып, кабинет пен палаталардың жабдықталуымен, сондай-ақ емдеу-оңалту үдерісінің ұйымдастырылуымен танысты. Балалар үшін қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыру мен өмір сапасын жақсартуға бағытталған жеке оңалту бағдарламаларын енгізудің маңыздылығына ерекше назар аударды.