Отырар ауданында волейболдан 2011–2012 жылы туған жасөспірімдер арасындағы облыс чемпионаты басталды. Жарыс Шәуілдір ауылында орналасқан Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спорт кешенінде өтіп жатыр.
Облыстық біріншілікке аудан-қалалардан 15 командадан құралған 190-ға жуық жас спортшы қатысып, басты жүлдені сарапқа салуда.
Биылғы бәсекеге барлық командалар жоғары дайындықпен келген. Өткен жылғы чемпион – Арыс қаласының құрамасы өз атағын қорғауға бар күшін салуда. Сонымен қатар Кентау, Ордабасы, Түлкібас, Сайрам, Түркістан және Қазығұрт аудандарының командалары да тартысты ойын өрнегімен көзге түсіп отыр.
Чемпионаттың басты мақсаты – 20–27 наурыз аралығында Өскемен қаласында өтетін Қазақстан Республикасы чемпионатына қатысатын үздік ойыншыларды іріктеу және облыс намысын абыроймен қорғайтын құрамды жасақтау.