Төтенше жағдай қызметкерлері – ауа-райының құбылмалы мінезіне: қар-жаңбырына, аптап ыстығы мен сарышұнақ аязына қарамай қыр-даланы кезіп, халықты қауіптен арашалайтын қаһарман. Бейбіт күннің батырлары лаулап тұрған отттан, дауылды айдыннан, құзар шың мен көк мұздан, тіпті жер сілкінісінен қаймықпайды. Ел басына қауіп төнсе сіз бен бізді құтқаруға әрқашан барын салады. Ерлігі мен өрлігі қатар жүретін сала жайында не білесіз? Сюжеттен көріңіз.
Дабыл соғылды. Кідіретін кез емес. Мұндайда төтеншеліктер тетік қимылдап, жылдам киінеді. Құрал-жабдықты сайлап, әрібр детальді пысықтайды.
Төтеншелік – дүлей күш пен әбжіл қимылдың ғана иесі емес. Иығына алып жауапкершілік артылғанда құтқарушы асқан ақылды, сұмдық стратег болуы шарт. Мұнда әр қимыл есеп, әр адым – жоспар. Әйтпеген апат асқынып, бақылаудан шығып кетуі мүмкін. Сондықтан, мамандар ұдайы сабақ алып, білімін жетілдіріп отырады.
САЙБЕК ЕРЖІГІТ, №3 ӨСБ ӨРТ СӨНДІРУШІ-ҚҰТҚАРУШЫСЫ
– «Сабақ бізде көбіне қауіпті жағдайларға байланысты жүргізіледі. Үлкен ғимаратта өрт болғанда не істеу керек? Дабыл түскен жағдайда не істеп жатсақ та шақыртуға асығамыз.»
Әр дабыл қауіпті, әр шақыру тәуекел. Құтқарушы апат аймағында басын қатерге тігіп, жанкештілік жасайды. Бір ғана оқыс қимыл, жөнсіз әрекет төтеншелікті мертіктіруі мүмкін. Сол үшін де ол әр адамын есептеп, аңдап басады.
САЙБЕК ЕРЖІГІТ, №3 ӨСБ ӨРТ СӨНДІРУШІ-ҚҰТҚАРУШЫСЫ
«Аман барып, аман келуіміз. Ойланатынымыз сол. Сол жақтағы адамдар да аман болса екен деп тілеп барамыз, тілеп келеміз.»
Өзгенің өмірі үшін арпалысатын маманның да жеке бас қауіпсіздігі басты назарда. Төтеншелік технкалық талаптарды сақтап жүр ме, діттеген шақыртуға уақылы барды ма? Мұның бәрін маманға берілген экш камера бақылайды.
БОЛАТБЕК ДАРМЕНОВ, №3 ӨСБ БАСТЫҒЫ, АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАУ ПОДПОЛКОВНИГІ
– «Әрбір дабыл қағылып, шақырту орынына жіберілген сәттен бастап қосылады. Жол жүру барысының бәрі түсіріледі.»
Егер өрт сөндіруші апат аймағында оқыс жағдайға тап болып, есінен тана қалса оны арнайы датчик бірден әріптестерге мәлімдейді.
БОЛАТБЕК ДАРМЕНОВ, №3 ӨСБ БАСТЫҒЫ, АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАУ ПОДПОЛКОВНИГІ
– «Қандай да бір оқыс оқиғаға тап болып, төтеншелік табылмай қалған жағдайда датчик хабар береді.»
№3 өрт сөндіру бөлімі жоғары технологиялы, замануи құрал-жабдықтармен қамтылған. Қызметтік көлік пен қажетті техника жеткілікті. Айта кетейік, мұндай өрт сөндіру құралдарының салмағы ауыр. Сол үшін де маманға физикалық күш-қуат қажет. Оны жетілдіріп, қажетті қалыпта стау үшін төтеншеліктер ұдайы спортпен шұғылданады.