Биыл ақиық ақын Мұқағали Мақтаевтың туғына 95 жыл. Поэзия әлемінде қайталанбас қолтаңба қалдырған тұлға жырларын дүйім жұрт жатқа біледі. Түркістан қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен "Мұқағали-мәңгілік ғұмыр" атты әдеби-сазды кеш өтті. Басты мақсат ақын мұрасын ұлықтап, рухына тағзым жасау.
Кеш шымылдығын "Семсер"тобы ашып, ақын сөзіне жазылған ән шырқады. Экраннан тұлға өмірі мен шығармашылығына арналған бейнематериал көрсетілді. "Мұзбалақтың-жүрек үні" прологы сахналанып, көрерменді поэзия әлеміне жетеледі.
Мұқағали жырларын мәдениет үйінің әртістері мен көркемсөз оқу үйірмесінің жас таланттары тебірене оқыды. Ақын өлеңдеріне жазылған "Есіңе мені алғайсың", "Мен деп ойла", "Арман-ай", "Еңсем", "Отан", "Қазағымай" әндері шырқалып, кештің мазмұнын байыта түсті.
Рухани кеш көрермендерге ерекше әсер сыйлап, Мұқағали мұрасы мәңгілік екендігін көрсетті.