Оқу-ағарту министрлігі педагогтердің цифрлық құзыреттерін дамыту бағытындағы жұмыстарын жалғастырып келеді. Мәселен, оқу үдерісінде жасанды интеллектіні тиімді пайдалануға арналған тегін онлайн курсқа қатысушылар саны 350 мыңға жуықтаған. Бағдарламаға педагогтермен қатар еліміздің барлық өңірінен өзге азаматтар да қатысып жүр.


 Халықаралық тәжірибеге негізделіп, ұлттық білім беру жүйесінің ерекшеліктері ескеріліп әзірленген курс мұғалімдердің заманауи цифрлық құралдарды орынды қолдану дағдыларын қалыптастыруға және оқыту сапасын арттыруға бағытталған. Оқу барысында қатысушылар жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалану, оқу материалдары мен тест тапсырмаларын әзірлеу, иллюстрациялар жасау және сабақ жоспарын жетілдіру тәсілдерін меңгереді. Тегін онлайн курс «Өрлеу» платформасында барлық азаматтар үшін қолжетімді. Қатысушылар оқу материалдарын өздеріне ыңғайлы уақытта меңгеріп, курсты аяқтағаны туралы куәлік ала алады. Курсқа қатысу үшін reg.orleu.edu.kz сайты арқылы тіркелу қажет.