Түркістан облысында индустриялық-инновациялық даму бағытына айрықша басымдық беріліп келеді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен кезекті Инвестициялық штаб отырысында жаңа зауыттардың іске асырылу барысы жан-жақты талқыланды.
Күн тәртібінде инвестиция тарту, инвестициялық ахуалды жақсарту және бастамашы жобаларды уақтылы әрі сапалы іске асыру мәселелері қаралды. Облыс әкімі әр инвестормен жеке тілдесіп, жобалардың қазіргі жағдайын және туындаған өзекті мәселелерін тыңдады. Инфрақұрылым тарту, жер телімдерін рәсімдеу, инженерлік желілерге қосылу, логистика және мемлекеттік қолдау тетіктері бойынша нақты тапсырмалар берілді. Инвестициялық штаб отырысында биыл жүзеге асырылатын бірқатар маңызды жобалардың барысы қаралды. Атап айтқанда, Сауран ауданында арматура өндіру жобасы іске асырылып жатыр. Бұл құрылыс саласына қажетті өнімді өңірдің өзінде өндіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар тағам қалдықтарын ұсақтағыштарды өндіруді локализациялау жобасы жүзеге асуда. Әкім жобаның өндірістік қуатын кеңейту бойынша кеңес беріп, мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылатынын жеткізді. Жиын барысында инвесторлардың ұсыныстары тыңдалып, мемлекеттік органдар тарапынан жедел шешім қабылдау тетіктері нақтыланды. Берілген тапсырмалар хаттамаға енгізілді.