Жаңа Конституцияның жобасы көпшілікті қарауына шығарылды. Президент кеше 15-наурыз күні республикалық референдум өткізу туралы жарлыққа қол қойды. Ал бүгін таңертең Конституциялық сот сайты мен бұқаралық ақпарат құралдарында жаңа Ата заң жобасының мәтіні жарияланды.
Ата заңға өзгерістер енгізу туралы бастаманы Мемлекет басшысы алғаш былтырғы жолдауында айтты. Тағдырлы мәселелер бойынша халықпен ашық сұхбат жүргізетінін мәлімдеді.
Осыдан кейін парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Ал Қызылорда құрылтайында өзгерістер ауқымы одан да кең болатыны белгілі болды. Ізін ала әртүрлі саланың 130 өкілі кірген конституциялық комиссия жұмысын бастады. Басты құжат бойынша азаматтар мен сарапшылардан 10 мыңнан астам ұсыныс түскен. Қазақстанның Халық кеңесі, миранда қағидасы секілді елеулі жаңашылдықтар күн тәртібіне шықты.
Жаңа құжат жобасы 11 бөлім, 96 баптан тұрады. Соның 30-ға жуық бабы адам құқықтары мен бостандықтарына арналған. Сонымен қтара, негізгі мызғымас құндылықтарға Қазақстанның Егемендігі, Тәуелсіздігі, унитарлығы және аумақтық тұтастығы жатады деп жазылған. Ал мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты - адами капитал, ғылым және инновацияны дамыту болып бекітілді.
Заман өзгерісіне сай жаңа қағидалар да жобаға еніп отыр. Мәселен азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау нормасы бекітілді. Дін мен мемлекеттің рөлі айқын бөлінген. Сондай-ақ адвокаттық қызмет туралы арнайы бап алғаш рет енгізілді.
Негізгі өзгерістердің бірі 145 депутаттан тұратын бір палаталы Парламент, яғни Құрылтай құру. Ал қазіргі қос палаталы Парламенттің өкілеттігі 1 шілдеде тоқтауы мүмкін. Жаңа құжаттың 95-бабына сәйкес, Конституция күшіне енгеннен кейін бір ай ішінде Президент Құрылтай сайлауын жариялауға тиіс. Одан кейін сайлау екі ай ішінде өткізіледі.