Түркістан облысы прокуратурасының бастамасымен инвестициялық жобаларды сүйемелдеу мәселелеріне арналған «Инвестициялық климат-дамудың басты құралы» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға облыс әкімі Нұралхан Көшерев, облыс прокуроры Мұрат Тлеубердиев, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев және облыстық құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.


Дөңгелек үстелде инвесторлардың құқықтарын қорғау саласындағы өзекті мәселелер, инвестициялық жобаларды іске асыру барысында туындайтын әкімшілік және құқықтық кедергілер, прокуратура мен мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылы талқыланды.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Түркістан облысы инвестиция тарту бойынша республика көлемінде жетекші өңірлердің бірі болып отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыс экономикасына тартылған инвестициялар көлемі 1 трлн 745 млрд теңгені құрады. Жылдық жоспар 1 трлн 427,1 млрд теңге болғанын ескерсек, көрсеткіш 121,6%-ға орындалған. Ал биыл инвестиция тарту индикаторы 1 трлн 720 млрд теңге көлемінде бекітілген.


ҚАНАТ ШАРЛАПАЕВ «АТАМЕКЕН» ҰЛТТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ ТӨРАЛҚА ТӨРАҒАСЫ

2025 жылдың III тоқсанының қорытындысымен тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 1,4 млрд АҚШ долларын құрады. Осылайша, жылдық жоспар үш есеге жуық артық орындалған. 2026 жылға тікелей шетелдік инвестициялар тарту жоспары 499 млн АҚШ доллары көлемінде бекітілген. Былтыр жалпы құны 339 млрд теңгені құрайтын 58 инвестициялық жоба іске асырылып, 8 340 тұрақты жұмыс орны құрылған. 2026 жылы жалпы сомасы 444 млрд теңгеге 66 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр.


МҰРАТ ТЛЕУБЕРДИЕВ, ОБЛЫС ПРОКУРОРЫ

Облыс әкімдігі мен құқық қорғау органдары инвесторлардың өзекті мәселелерін жедел шешу мақсатында тұрақты инвестициялық штаб отырыстарын өткізеді. Жеке кездесулер ұйымдастырады, мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіреді және жобалардың іске асырылуын толық сүйемелдейді. Сонымен қатар «Инвест-Керуен» көшпелі кеңестері және шетелдік жұмыс күшін тарту бойынша семинарлар өткізілуде. Фронт-офис инвесторларға аналитикалық, консультациялық, көші-қон және әкімшілік қолдау көрсетеді.